ҚоғамМәдениет

Облыс әкімі өңір халқын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады

Ту, Елтаңба және Әнұран. Бұлар әр қазақстандықтың жүрегінен ойып тұрып орын алатыны сөзсіз. Себебі, нышандар халқымыздың қаһармандығы мен даналығын, мұқалмас рухын бейнелейді. 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Ел тарихындағы маңызы зор мереке облыс орталығында кең көлемде аталып өтілді. Ең алдымен жанға қуат берер әнұран шырқалды. Көк туымыз көкке көтерілді.

Шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Өңір жетекшісі жерлестерімізді осынау айтулы күнмен құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Мемлекеттік рәміздер – әр мемлекеттің тәуелсіздігін білдіреді. Нышандар арқылы ұлтымыздың әлем алдындағы бейнесі қалыптасады. Сондықтан, әр қазақстандық үшін мемлекеттік рәміздер қастерлі.

Құттықтау сөзден кейін облыс әкімі бірнеше жерлесімізді Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапаттады. Бұл мадақталған азаматтардың барлығы – өңіріміздің дамуына зор үлесін қосқан, су тасқыны кезінде аянбай еңбек еткен жандар. Мерейі үстем болғандардың арасында Айнұр Зәкенова да бар. Ол бүкіл өмірін музыкаға арнаған. Нәзікжанды 15 жылдан астам уақыт бойы Ақжар ауданындағы балабақшалардың бірінде балаларды өнерге баулып жүр.

АЙНҰР ЗӘКЕНОВА, “Айгөлек” балалар бөбекжай-бақшасының музыка жетекшісі, Ақжар ауданы:

— Балалармен жұмыс істеген өзіме қатты ұнайды. Бөбектерім талай рет облыстық және республикалық байқауларда жеңімпаз атанған. Музыка маған шабыт береді. Ләззат аламын.

Марапаттаудан кейін орталық алаңда түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Халық та көп жиналған. Бәрі біркісідей осынау айтулы мерекемен барша қазақстандықтарды құттықтады.

 

Нұрасыл Ахмет