Аталған ауданда егіс науқаны аяқталуға жақын. Өңір жетекшісі ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен кездесіп, толғандырған сұрақтарына жауап берді. Жұмыс барысына жиі жауған жаңбыр кедергі келтірген сыңайлы.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Солтүстікқазақстандық еңбеккерлер бұл кедергіні еңсере білді. Бүгінде жоспардың 91 пайызы орындалды. Көбі бораналауды аяқтап жатыр. Енді арамшөппен күрес басталады.
Кездесу барысында диқандарды “Кең дала” бағдарламасы бойынша қаржыландыру мәселесі талқыланды. Биыл ауылшаруашылық тауар өндірушілерге 92 млрд теңге бөлінді, оның 37-сі ӘКК арқылы берілген. Жалпы, көктемгі-дала жұмыстарын жүргізу барысында 100 млрд теңгеден астам қаржы игеріліпті.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Өткен жылғы егіс науқаны кезінде біз шамамен 36 млрд теңге игерген болатынбыз. Биыл бұл қолдау қаржы 2,5 есеге өсті.
Қызылжар ауданында 300-ден астам ауылшаруашылық тауар өндіруші бар. Мұндағы егіс алқабының аумағы 200 мың гектардан асады, оның 150-ін дәнді дақылдар алып жатыр. Аудан бойынша тұқым ауыстыру көрсеткіші 11,2%-ды құрайды. Егіс науқанына мыңнан астам техника тартылған. 100-ден астамы – жоғары өнімді егіс кешені.
САҚТАҒАН СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:
— Майлы дақылдар 32 мың гектар жерге себілді. Бұл – жоспардың 95%-ы. Картоп мен көкөністі егу жұмысы аяқталуға жақын. Минералды тыңайтқыш көлеміне тоқталсақ, биыл 13,2 мың тоннаға келісім шарт жасалды. Бүгінде 119 мың гектардан астам жер өңделіп жатыр. Сондай-ақ, барлық шаруашылық тиісті тұқым қорымен қамтылған.
Ауданда жоңышқа да өсіріліп жатыр. Аталған дақылға биыл жердің 8 мың гектардан астамы арналыпты. Ауданда жоңышқаны өңдеу бойынша зауыт салынады. Кәсіпорында 15 жұмыс орны құрылады. Бұл Қазақстанда осындай екінші өндіріс орны болмақ. Таяу арада нысанға құрал-жабдықтардың бірінші легі жеткізіледі. Мұнда, сондай-ақ, шөп кептіргіш те орнатылады.
Мынау – “Жезқазған-Петропавл” бағытындағы республикалық жол. Аралыққа күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылы 215 шақырымын қолданысқа тапсыру жоспарланған. Аталған мақсатқа 26 млрд теңге бөлінген. Биыл өңірде барлығы – 468 шақырым жол жөндеу көреді. Жол жиектері де жаңа келбетке ие болады. Су жаңа аялдамалар орнатылады, жол белгілері қойылады және демалуға арналған алаңдар құрылады.
Новоникольское ауылы – өңірдегі беткеұстар елді мекендердің бірі. Ауыл белгілі аграрий Геннадий Зенченконың арқасында көркейіп келеді. Серіктестіктің қолдауымен мұнда балабақша ашылды, жол жөнделді, енді жаңа үйлер бой көтеріп жатыр. Жергілікті тұрғындар үшін жайлы жағдай жасалған. Жуырда балаларға арналып жаңа көпфункционалды алаңқай салыныпты. Ауылды абаттандыру жұмысының қарқыны қызу. Осы орайда өңір жетекшісі елді мекен ортасына сахна орнату бойынша бірнеше ұсыныс білдірді.
Еске сала кетейік, “Зенченко и К” серіктестігінде 8 мың ірі қараға арналған алып ферманың құрылысы қолға алынған. Құйылған инвестиция көлемі 9 млрд теңгені құрайды. Нысан Қазақстандағы және Орта Азиядағы ең ірі сүт кешені болмақ. Жылдық қуаттылығы 26 мың тоннаға жетеді.
Сондай-ақ, облыс әкімі серіктестіктің егіс даласында болды. Агрономдармен жүздесіп, ауылшаруашылық техниканың қарқынын байқады. Зенченколық еңбеккерлер бидай, арпа, картоп және тағы да басқа берекелі өнім егеді. Серіктестік басшылығы егіс аумағын кеңейтуді көздеп отыр.