Мәдениет

“Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары” байқауының қорытындысы

Петропавлда “Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары” республикалық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды. Аты айтып тұрғандай, бұл сайыста ана тіліміз жайында қалам тербеген теріскейліктер сынға түсті. Қатысушылардың арасында аға буын өкілдері болды.

ЕРКЕШ ЕРДЕНОВА, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы:

— Байқау 2 аталымнан тұрды. Олар: “Үздік мақала” және “Үздік телерадио бағдарлама”. Байқау 3-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Биыл 10 адам қатысты, 20 жұмыс қабылданды.

Биылғы сайыстың өзіндік ерекшелігі бар. Бұрын бұл байқауға БАҚ өкілдері ғана қатысатын. Ал осы жолы мемлекеттік органдарда еңбек ететін жерлестеріміз де бақ сынады. Олар ана тіліміздің қолданыс аясы ғана емес, аса маңызды бағыттағы кем-кетікті де қағазға түсірген.

Самрат Құскенов “Үздік мақала” аталымында жеңімпаз атанды. Журналистті көпшілік көшетанушы ретінде біледі. Байқауға “Qyzyljar nury” қалалық газетінің аға тілшісі 2 материал жолдапты. Бірі көше атауларына байланысты болса, екіншісі көшеде ілінген жарнамалардағы қателерге қатысты.

САМРАТ ҚҰСКЕНОВ, “Qyzyljar nury” қалалық газетінің аға тілшісі:

— Мұндай байқаулар қоғам белсенділері, жергілікті тұрғындар арасында да өтуі тиіс. Тіл ақын-жазушылар немесе журналистермен сақталмайды, тіл – халықтың қолындағы мүдде.

Байқауда әріптесіміз Нұрасыл Ержанұлының да мерейі үстем болды. Ол “Үздік телерадио бағдарлама” аталымында 2-ші орын еншіледі. Айта кетейік, сайыс жеңімпаздарының жұмыстары 1-ші шілдеге дейін республикалық кезеңге жолданады.

 

Байболат Құлтанов