Соңғы 5 жылда елімізде қылмыс деңгейі әжептәуір төмендеді. Статистикаға сүйенсек, облыс бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтың жалпы саны 46 пайызға қысқарды. Оның ішінде тонау, қарақшылық шабуыл, бұзақылықтың төмендеуі 70 пайыздан асып түседі. Бұл сандармен прокурорлар ведомствоаралық кеңес барысында бөлісті.
МАРАТ АЮПОВ, СҚО прокуратурасының басқарма бастығы:
— Алайда, соңғы жылдары алаяқтық, әсіресе интернет пен телефон алаяқтығының үлесі айтарлықтай өсті. Бұл құқық бұзушылықтар саны бойынша бірінші орында тұр. Тағы бопсалау жайты жиіледі. Өсім 71 пайызға жеткен. Оған қоса, 400 мыңға жуық адам казино мен букмекерлік кеңселердің тұрақты клиентіне айналған.
Демек, назар аударатын тұстар бар. Басымдық беретін тағы бір бағыт – есірткінің залалы. Мұнда да қылмыс деңгейі 7 пайызға дейін өскен. Қазір героин аса айтылмайды, оның орнын синтетикалық есіркілер басты. Соңғысының таралғандығы соншалық, үлкен де, жас та елтіп, түзу жолдан адасты.
САЯН АСҚАРОВ, СҚО прокуратурасының басқарма бастығы:
— Тұрғындардан сұрайтынымыз, адамдар мұндай құқық бұзушылықтарды аңғаратын болса, бірден заң өкілдеріне жеткізулері қажет. Себебі, барлығымыз жағымсыз жайттарға көз жұмып қарайтын болсақ, еліміз алға жылжымайды. 102 нөмірінен бөлек, “Egov Mobile” немесе “е-Otinish” сайттары арқылы бізге хабарландыру тастап, қылмыстар жайлы хабар бере аласыздар. Оның барлығы анонимді түрде болады.
Қоғамдағы кедергілерді жою үшін Үкіметпен 55 іс-шара бекітілген. Бүгінде мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар тиісті жұмыс жүргізіп жатыр. Барлығының бірдей қарқынына көңіл толмайды. Кеңес барысында облыс прокурорының міндетін атқарушы Әбу-Әли Саттар кейбір орган өкілдеріне ескерту жасады. Жиын соңында жоспарды сапалы және уақытында орындау бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Мадина Каби