Қоғам

Көлік дөңгелегін монтаждайтын болашақ мамандар сынға түсті

Облыс орталығында жұмысшы мамандықты таңдаған жастар арасында да байқау өтті. Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің қабырғасында “Автомобиль дөңгелегін үздік монтаждаушы” конкурсы ұйымдастырылды. 6 қатысушы шаһардағы 3 бірдей орта білім беру мекемесінің намысын қорғады.

Сайыс алдында ұйымдастырушы тарап негізгі міндеттерді баян етті. Тапсырма қарапайым болып көрінеді. Алайда, өзіндік қиындығы бар.

АНДРЕЙ ОРЛЕНКО, Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжі директорының орынбасары:

— Ең алдымен қатысушы дөңгелекті стендтен дұрыс алуы қажет. Сосын арнайы білдекке қойып, ақауды анықтайды және жояды. Артынша дөңгелекті қалыпты күйге келтіріп, қайтадан орнатады. Бұл жерде қауіпсіздік техникасы сақталуы керек. Жұмыс барысы бақылынады, уақыт есепке алынады. Қаладағы колледждерден білікті мамандарды шақырттық. Солар әр кезеңге баға беріп, үздікті анықтайды.

Қатысушылар жеребе бойынша кімнің алғаш бақ пен бап сынайтынын анықтады. Осыдан соң сайыс та басталды. Қырағы қазылар барлығын қарап отыр. Олар қателікті бірден аңғарады. Сырт көзге қателік байқалмайды. Студент өз міндетін орындап жатыр. Жұмыс барысында маманның пікірін тыңдадық.

Мұндай мамандықты екінің бірі таңдамайды. Жастардың дені цехта емес, кеңседе тер төксем дейді. Ал байқау қатысушыларының керісінше көзінде от бар. Олар экономиканың барлық саласы дамығанын, жан-жақты жұмыс жүргізілгенін қалайды.

ТИМУР МОЛДАБЕКОВ, Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің студенті:

— Бала күннен көлік жөндегенді жақсы көремін. Осы қызығушылығымның арқасында колледжге түсіп, білім алып жатырмын. Бүгін байқауда бақ сынау мүмкіндігі бұйырды. Бұл біз үшін зор тәжірибе деп білемін. Жеңіске жету – өзімнің басты мақсатым. Көлік дөңгелегін монтаждайтын жастардың санын арттыру керек. Сонда сапа жақсарады.

Байқау соңында жеңімпаз бен жүлдегерлер марапатталды. Бұл сайыс жұмысшы мамандықтарды насихаттауға негізделген. Келесі жылы да ұйымдастырылмақ.

 

Байболат Құлтанов