Ананың көңілі балада болса, ал баланың көңілі – далада. Дәл қазіргі жағдай осындай. Жазда ұл-қыздардың көбі уақыттың басым бөлігін алаңқайларда өткізеді. Олар жүгіретіні, түрлі биіктіктен секіретіні түсінікті. Осы кезде жарақат алулары әбден мүмкін. Яғни, жаймашуақ кезеңде дәрігерлердің жұмысы артады. Мысалы, биыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жарақат бөлімшесіне 3 мыңға жуық ұл-қыз жүгінген.
ШЫҢҒЫС НҰРҒАЛИЕВ, СҚО көпбейінді балалар ауруханасының ортопед-травматологы:
— Биыл балалардың аулада ойнап жүріп жарақат алу жайты көбейді. Ауруханаға абайсызда құлап, аяқ-қолын сындырып алған 700-ден астам бала келді. Тағы 16-сы жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен. Онымен қоса, түрлі спорттық сайыстарда, мектепке дейінгі мекемелерде жарақат алатындар бар. Біз әр науқасқа дер кезінде көмек беруге күш саламыз.
Тағы ата-аналар үйдегі қауіпсіздікке де мән беру қажет. Мұнда да статистика мәз емес. Өңірдегі балалар жарақатының үштен бірі үй жағдайында орын алған. Яғни, мыңнан астам ұл-қыз далаға шықпай-ақ оқыс жайтқа тап болған. Мамандар жағымсыз оқиғалардың алдын алу мақсатында тұрғындарға жиі жүгінеді. Кездесулер де, ақпараттық жиындарда да негізгі ережелерді жіпке тізеді.