БалаларҚоғамЭкология

Студенттер Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін атап өтті

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Айтулы датаға орай М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да “Планетаны қорғайық!” атты экологиялық акция өтті. Шара бірнеше кезеңнен тұрды. Ең алдымен жастар білім ордасының 1-ші корпусының алдына жасыл желектің суретін салды.

ӘСЕЛ БЕКТЕМІРОВА, М. Қозыбаев атындағы СҚУ PһD докторы:

— Жалпы, ұйымдастырушы – География және экология кафедрасы. Екінші кезеңде қатысушылар пластик құтыларды жинады. Жиылған дүниені “Радуга” серіктестігі қайта өңдеп, күнделікті тұрмыста қолданылатын өнімдер шығарады. Бұл бастама арқылы студенттер аулаларды жинап қана қоймай, экологияны жақсартуға өз үлестерін қосты.

АҚМАРАЛ СӘРСЕНБЕКОВА, М. Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

— Мен бұл шараны толықтай қолдаймын. Себебі, әр адам тазалықты өзінен бастауы керек. Қазір университет ұжымымен жинасақ, кейін неге қала болып жинамасқа? Менің ойымша, бұл бастама университетімізге оң әсерін тигізеді.

Шара соңында қатысушылар қайың, алма ағаштарын, түймедақ сияқты көпжылдық гүлдер отырғызды. Айта кетейік, көгалдандыру жұмыстары үшін қажетті көшеттер мен өскіндерді Жастар ресурстық орталығының ұжымы ұсынды.

 

Севара Зияхан