Денсаулық сақтау

СҚО-да дәрі-дәрмекті таңбалау жүйесіне 140-тан астам субъект тіркелген

2024 жылы елімізде өндірілген дәрілік заттарды міндетті түрде таңбалау жүйесі енгізілген болатын. Яғни, барлық препаратта “Data Matrix” коды болуы тиіс. Мақсат – жалған өнімнің жасалуына жол бермеу. Яғни, сатып алушы “Naqty Onim” қосымшасы арқылы кодты бірнеше секундта сканерлеп, дәрінің түпнұсқалығы мен заңдылығына көз жеткізе алады.

ЕРМҰРАТ СҰРАҒАНОВ, ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті СҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы:

— Игі бастаманың арқасында дәрі-дәрмектің сапасы артады. Бармақ басты, көз қысты әрекеттерді түп-тамырымен жоямыз. Препарат жайлы өндірілген күнінен бастап мол ақпар ала аламыз.

Жаңашылдық арқылы сатып алушы дәрі-дәрмектің атауы, саны, дозасы, өндірушісі және қозғалыс бағыты жайлы ақпар ала алады. Яғни, зауыттан дәріханаға, сосын тұтынушыға дейінгі жолы қадағаланады. Ал талапты орындамаған медициналық мекемелерге айыппұл салынады екен.

ЕРМҰРАТ СҰРАҒАНОВ, ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті СҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы:

— Облыс бойынша дәрі-дәрмекті таңбалау жүйесіне 144 субъект тіркелген. Біз фармацевтикалық мекемелермен тығыз байланыстамыз.

Қоса кетейік, тұтынушылар рецептпен берілетін дәрі-дәрмек алу үшін бұрынғыдай ұзын-сонар кезек күтіп тұрмайды. “Egov Mobile” қосымшасының “Әлеуметтік әмиян” бөліміне кіру арқылы керекті препараттың рецептің сұратып, медициналық мекемелерден ала алады. Түсірілім барысында 3-ші қалалық емханаға дәрі-дәрмек алуға келген жандармен тілдестік. Тұрғындар таңбалау жүйесінің нәтижесінде алып жатқан өнімінің сапасына сенімді болатындықтарын жеткізді.

 

Нұрасыл Ахмет