Петропавлда аулаларды абаттандыру жұмысы қарқын алды. Қалыпты ауа райын пайдаланған мамандар шаһардың бірнеше ауданында тер төгіп жатыр. Олар алақандай ғана алаңмен шектелмейді, тұтас төңірекке сән береді.
БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
— Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аулаларды жеке-жеке емес, квартал бойынша жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Жоба аясында асфальт төселеді, балалар және спорт алаңдары орнатылады.
Бұрын мұндай өзгеріс түске де кірмейтін. Заманауи дизайн аулаларға ерекше сән береді. Теңіз тамшыдан тұратынын ескерсек, түптеп келгенде бұл жұмыс жалпы қаланың көркеюіне тікелей әсер етеді. Шаһардағы 2 бірдей пәтер иелері кооперативіне жауапты Валентина Брюховец жобаның аяқталғанын асыға күтіп жүр.
ВАЛЕНТИНА БРЮХОВЕЦ, ПИК төрайымы:
— Балаларымыз өте қуанышты. Аулаға жақсылап асфальт төселді. Енді бұл жерге шағын құрылымдар қойылып, ойын алаңы пайда болады. Ата-әжелер де ұмыт қалмайды. Олар үшін орындықтар қойылады. Сонымен қатар, таза ауада жаттығу жасауға мүмкіндік беретін тренажерлер бой түзейді.
Сандарды сөйлетейік! Биылғы мен былтырғыны салыстыруға келмейді. Ағымдағы жылы Петропавлда шамамен 2 есе көп аула абаттандырылмақ.
БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
— Былтыр 8 кварталда жұмыстар атқарылды. Бұл – шамамен 30-дан астам аула. Биыл тізім 15 кварталдан тұрады. Бұл – 50-ден астам аула. Сонымен қатар, қазір 10 футбол алаңында жөндеу жүргізілуде.
Тиісті жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. Істің барысын қалалық әкімдік өкілдері тұрақты негізде бақылап отырады.
Байболат Құлтанов