Бұл заңсыздықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі анықтады. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың бағасын реттеудің жаңа тетігін енгізбек. Ұсынысқа сәйкес, дәрі-дәрмек бағасы 30%-ға дейін арзандауы мүмкін. Тақырыпты Ақниет Балтанова зерттеді.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы – препараттарға фармакологиялық бақылау жүргізетін Қазақстандағы жалғыз уәкілетті ұйым. Бірақ былтыр тексеріс кезінде осы орталық пен «СҚ-Фармация» бірыңғай дестрибьюторы жұмысында заңсыздықтары бары анықталған.
Нұрбол Әбдірахманов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметінің басқарма басшысының орынбасары:
— Бір ғана дәріні алатын болсақ, мысалы, Украинада шығарылатын дәрі. Қазақстанға келгенге дейін оның құны 600 пайызға дейін өсіп кеткен. 4700 теңгеге Украинадан сатылып алынады, Қазақстанның дәріханаларының сөрелеріне қойылғанда оның бағасы 18 мың теңге болып кеткен. Біз осындай 1200-ден астам дәріні анықтадық.
Демек, дәріхана иелері әр қораптан 13 мың теңге пайда көріп отырған. Кәсіпкерлік кодекске үңілсек, маркетингтік шығындар кәсіпкердің өзіне жүктелуі тиіс. Бүгінде елімізде ресми тіркеліп, қолданыста жүрген 6600 дәрі-дәрмек бар. Олардың 5408-іне шекті баға бекіту жоспарланып отыр. Яғни, денсаулық сақтау министрлігі рецептпен ғана сатылатын дәрілердің құнын шектеп, ал рецепсіз босатылатын препараттарды еркін айналымға жібермек.
Әсия Молдыманова, ҚР ДСМ Фармацевтикалық қызметті профилактикалық бақылау басқармасының бас сарапшысы:
— Қазақстанда 952 дәрілік затқа шекті баға қойылмайды. Оны нарыққа жіберді. Бізде, мысалы, аумақтық департаменттер ай сайын мониторинг жүргізіп отырады. Мониторингтің нәтижесі бойынша 595 дәрілік заттың бағасы төмен немесе өзгермеген. Ал 70-ке жуық дәрілік заттың 10-12%-ке өскені туралы анықтама бар.
Осылайша жауапты ведомство дәрілік заттардың бағасын реттеудің жаңа тетігін енгізіп жатыр. Яғни, транспорттық және маркетингтік қосымша шығындарды алып тастап, медициналық препарат бағасын 30%-ға дейін төмендетуге болады дейді. Десе де кәсіпкерлер бұл ұсыныспен мүлдем келіспейді.
Талғат Омаров, дәріханалар желісінің иесі:
— Біз сияқты кішкентай 1 немесе 2 дәріханасы барлардың бәрі жабылып қалу қаупі бар. Оның үстіне маркетингсіз бұлар нарықта өмір сүре алмайды. Біздің дәрілеріміз Швецариядан келді, мысалға, Алматыда үлкен хаб бар. Сол хабтан Қостанайға, Атырауға, басқа да қалаларға жеткізіледі. Қайдан алады сол шығынды? Мемлекет өтей ма, әлде кім?