Спорт

Акробаттар Қарағандыдан қапқа сыймас жүлдемен оралды

Теміржол вокзалында тағы да шаттық орнады. Дүйім жұрт батуттық гимнастика бойынша Қарағандыда өткен VI Жастар спорт ойындарында жеңіске жеткен өңір командасын қарсы алды. Барлығы мәз-мейрам. Бұл сәт – ұзақ еңбектің жемісі. Балалар ата-аналарының және жаттықтырушылардың үмітін ақтады. Талантты ұл-қыздардың арқасында кеншілердің қаласында бапкерлер де құрметке бөленіпті.

АВЕРИН КОНСТАНТИН, батуттық гимнастика бойынша жаттықтырушы:

— Жарыстар жоғары деңгейде өтті. Елдің түкпір-түкпірінен келген үздік спортшылар бақ сынады. Біз командалық және жеке сында лайықты өнер көрсеттік. Бұл жерде біздің бірлескен жұмысымыз оң нәтиже берді деп ойлаймын. Қолымда естелік медаль тұр. Оны жеңімпаз деп танылған ұжымның бапкерлеріне берді. Біз толағай табысқа қуаныштымыз.

Дүбірлі дода жайлы толығырақ айтайық. Дәстүрлі жарыс 28-31 мамыр аралығында өтті. Яғни, үздік акробаттар 4 күн бойы күш сынасты.

ГЛЕБ ЗЕЛЬ, батуттық гимнастика бойынша VI Жастар спорт ойындарынының жеңімпазы:

— Мен 13 жастамын. Спорттық акробатикамен кәсіби түрде айналысамын. Қарағандыға лайықты қарсыластар жиылды. Басында толқыдым, сосын өз-өзіме келдім. Үздіктердің алдын орағаныма қуаныштымын. Бұл жарыс маған үлкен тәжірибе мен шабыт сыйлады.

Глеб сынды мықтылардың арқасында петропавлдық жастар орталық Қазақстаннан 12 алтын, 12 күміс және 14 қола медаль алып қайтты. Қапқа сыймас жүлдені қанжығаға байлаған жерлестеріміз алдағы додаларда тағы да биіктен көрінуге ниетті.