Денсаулық сақтау

СҚО-да биыл төрт бала туберкулезге шалдықты

Облыста биыл балалар арасында туберкулезге шалдығудың 4 жағдайы тіркелді. Бір бала бұған дейін ауырыпты. Сонда дертке қайта шалдығып отыр. Ғ. Мүсірепов ауданында тұратын жеткіншек 12 жаста. Биыл науқастанып қалған бала саны былтырғыға қарағанда 3 жағдайға көп. Фтизиатр мамандар қазір профилактикалық шараларға басымдық беріп жатыр. Жыл басынан бері 14 мыңнан астам баланы тексерген. Алда тағы 20 мыңын қарайды. Ақ халаттылар өкпе дертінен сақтануда екпе алудың маңыздылығын айтты.

ГҮЛМИРА ЖАРМАҒАМБЕТОВА, СҚО штаттан тыс бас фтизиопедиатры:

— Бала дүниеге келісімен туберкулезге қарсы вакцина алуы керек. Төрт айдың ішінде тиісті екпемен сәбилердің 96 пайызын қамтыдық. 18 баланың ата-анасы қарсы болып, қойдыртпады. Жасөспірім кезінде балалардың бойында гормондық өзгеріс болады. Осы кезде кейбірі аталған дертке шалдығуы мүмкін. Сол себепті, жыл сайын флюрографиялық тексерістен өткізіп тұру қажет.