Солтүстік Қазақстан облысында қаржы пирамидасының жолы кесілді. Заңсыз ұйымның құрылымдық бөлімшесі өңір аумағында 2022-2023 жылдар аралығында жұмыс істеген. Осы кезеңде 4 салымшы 14 млн теңгеге жуық ақшаны қудың қалтасына аударыпты. Содан бері қаражатты өсірмек түгілі қайтара алмай келген. Амал таусылғасын биылғы сәуірде құзырлы органға жүгінген.
ЖАНСАЯ СӘЛІМ, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының тергеушісі:
— “Sincere Systems Group” компаниясы Қазақстан Республикасында тіркелмеген. Банк операциясын жүргізуге рұқсат құжаты жоқ. Біздің араласуымыздан кейін зардап шегушілерге шығын толығымен өтелді.
Қылмыстық іс әлі де шенділердің өндірісінде. Алдағы уақытта сотқа жіберіледі. Сол жерде адамдарды алдап, миллиондарды қалтаға салған петропавлдыққа қатысты үкім шығады.
ЖАНСАЯ СӘЛІМ, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының тергеушісі:
— Қылмыстық кодекстің 217-бабына сәйкес шешім шығарылады. Ол айыпталушыны 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Айта кетерлік жайт, өзін британдық инвестициялық қор ретінде таныстырған қаржы пирамидасының қызметінен зардап шеккен жандар әлі де болуы мүмкін. Егер мұндай тұлғалар болса, облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгіну қажет.