МТРА жаңалықтары

Петропавлда дәстүрлі садақ атудан облыс чемпионаты өтті

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

— Ата-бабаларымыз жаугершілік заманда садақты қару ретінде қолданған. Құралайды көзге атқан мергендеріміз талай жаудың бетін қайтарған. Қазіргі таңда бұл – ұлттық спорттың бірі түрі. Бекзат өнер өңірімізде қарқынды дамып келеді.

Петропавлда осымен 2-ші дәстүрлі садақ атудан облыс чемпионаты өтті. Аталған спорт түрі елімізде аз уақыттың ішінде трендке айналып үлгерген. Айналысамын дейтін жандардың да қатары көбеюде. Оған бүгінгі жарыс дәлел. Облыстық сайысқа 60-тан астам адам тіркелген екен. Олар жас ерекшеліктері бойынша топ-топқа бөлініп сынға түседі.

ЖАСҰЛАН ҒАББАС, СҚО дәстүрлі садақ ату федерациясының басшысы:

— Спортшылар аталған спорт түрінің 4 түрі бойынша сынға түседі. Олар: жамбы нысанасы, түріктің пут нысанасы мен қалқан нысанасы және Орта Азия нысанасы. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер өңір намысын республикалық додада қорғайтын болады.

Жарыстың бір ерекшелігі – тек қазақи нақышта киім киіп өнер көрсету керек. Бұл ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған. Мамандардың сөзінше, садақ ату адам денсаулығына өте пайдалы. Қырағылықты, яғни адамның көру қабілетін арттырады. Оған қоса, омыртқаны шынықтырып, түрлі дерттің алдын алуға көмектеседі екен.

Жарысқа қатысушылар бір-біріне дес берер емес. Барлығын құралайды көзге атқан мерген десек қателеспейміз. Тайыншалық Айзада Әлжанның атқан жебесінен қайсарлықтың нышаны жарқ етті. Қаршадай қыздың ұлттық спортты жанына серік еткеніне 1 жылға жуықтаған. Әлі жетістігі аз болғанымен, талабы таудай. Болашақта ел намысын абыроймен қорғайтын мерген болғысы келеді.

Түске дейін жастар мен жасөспірімдер сайысса, кешке қарай ересектер бақ сынасты. Айта кету керек, жарыс қорытындысы бойынша петропавлдық және тайыншалық мергендер басқаларынан оқ бойы озық болды.

 

Нұрасыл Ахмет