ҚоғамЭкология

Ойқаладағы бөгет қоқыстан тазартылды

Ойқала ықшам ауданында көктемнің соңғы күнінде ауқымды сенбілік өтті. Қаламыздың тазалығына бейжай қарай алмайтын жандар бұл жолы саябақтарды, мекеме аулаларын емес, тасқын кезінде қызыл судан аман алып қалған бөгетті күл-қоқыстан тазартты. Өздеріңіз білетіндей, елдімекенге тілсіз жау өтпеу үшін қорғаныс үйіндісінің қабырғасына полиэтилен қаптама төселді. Топырақ салынған қаптар қойылды. Қарғын судың беті қайтты. Жаз келді. Күн мен желден тозған қорғаныш заттар айналаның көркін қашырып тұр.

ЕВГЕНИЙ АКУЛОВ, қала тұрғыны:

— Қала тұрғындары ұйымшыл. Ел басына күн туған сәтте әрқашан көмектесуге әзір. Бүгінгі шара айтқан сөзіме дәлел. Барлығымыз кешке дейін полиэтилен қаптаманы толығымен алып тастауды мақсат етіп отырмыз.

Тасқын кезінде Есіл өзенімен қаншама қоқыс ағып келді. Күн ысыған соң қалдықтардан жағымсыз иіс шығуы мүмкін. Бұны ескерген тұрғындар бөгеттің айналасындағы қоқыстың бірін қалдырмай жинап кетті. Шаһардың тазалығына бейжай қарай алмайтын Анатолий Белозеров су тасқыны кезінде де аянбай еңбек еткен. Қала маңындағы және Қызылжар ауданындағы елдімекендерге барып, бөгетті нығайту жұмыстарына көмектескен.

АНАТОЛИЙ БЕЛОЗЕРОВ, қала тұрғыны:

— Су тасқынының салдарынан елдімекенде масалар көбейіп кетті. Бірақ, бұл бізге кедергі емес. Жыл басынан бері өткізілген сенбіліктерден қалған емеспін. Қоршаған ортаға пайдам тисе болғаны. Көрікті жерде қыдырып, таза ауамен тыныстағанға не жетсін!

 

Нұрасыл Ахмет