БалаларБілімҚоғам

Мектеп жанындағы жазғы лагерьлер жұмысын бастады

Оқу жылы аяқталса да балалар мектепке келуге асық. Өйткені, өңірде жаппай жазғы лагерьлер жұмысын бастады. Мұнда қызықты әрі көңілді. Сабақтан қолдары босаған балалар таза ауада ойнайды, спорттық ойындардан жарысады, тіпті телефонды ысырып қойып, кітап оқиды екен. №4 орта мектебінде де бастауыш сынып оқушыларына арнайы шаралар бағдарламасы құрылған.

СӘУЛЕ ҚАРТАЕВА, №4 орта мектебінің директоры:

— Қазір лагерьге 50 бала келді. Олар екі апта бойы күніне 4 сағаттан осында болады. Балалармен педагогтер жұмыс істейді. Шахмат ойнайды, спорттық ойындардан сайысқа түседі, оқу үшін қызықты кітаптарды да таңдап қойдық. Бұл шаралардың астарында тәрбиелік мән жатыр. Мәселен, гүлдерді күтіп-баптауға тарту арқылы еңбексүйгіштікке баулимыз.

Балалар мұнда тек асыр салып қана қоймай, шығармашылық қабілеттерін дамытады. Сурет салады, ән айтады, би билейді, қолөнер үйірмесіне қатысады.

АНАСТАСИЯ МАНЫЛОВА, №4 орта мектебінің оқушысы:

— Мен 4-ші сыныпта оқимын. Биыл лагерьге бірінші рет келіп отырмын. Қазір мақтаны бояп, одан гүл жасап жатырмыз. Бұл өнерді мен интернеттен көріп, меңгеріп алдым. Қазір достарыма үйретемін. Олар да тез ұғынып алады деп ойлаймын. Еш қиындығы жоқ.

Балалар жазғы лагерьде екі мезгіл тамақтанады. “Ас – адамның арқауы” демекші, мәзір тиісті талапқа сай құрылған.

СВЕТЛАНА ОТАРҚҰЛОВА, №4 орта мектебі директорының орынбасары:

— Бірінші тамағымыз – сорпа, екінші тамағымыз картоп пен ет, кейін жанына компот беріледі. Күн сайын осылай 3 түрлі тамақ ішеді.

Аталған білім ұясында барлығы – мыңға жуық оқушы тәлім алады. Жазғы лагерь 60 орынға арналған. Облыс бойынша 400-ден астам мектеп жанындағы лагерь құрылған. Барлығы – 58 мыңнан астам бала қамтылған.

 

Мадина Каби