Қоғам

Смағұл Сәдуақасовтың 125 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция өтті

Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді. Биыл Алаштың ардақты ұлы Смағұл Сәдуақасовтың туғанына – 125 жыл. Айтулы датаға орай Қызылжарда “Смағұл Сәдуақасұлының қайраткерлік тұлғасы және жастарды отаншылдыққа баулу” атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шараға өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Аймақ басшысына облыстық мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова нар тұлғаның өмірбаяны жайлы айтып берді. Шараға халық қалаулылары, елге танымал зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Белгілі мемлекет қайраткерінің 125 жылдығын тойлау Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асты. Қасым-Жомарт Кемелұлы басқосуға арнайы хат жолдаған. Президентіміздің хатын Ғауез Торсанұлы оқып берді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Смағұл Сәдуақасов – қазақтың біртуар азаматы. Халықтың көзін ашып, жастардың білім қуалауына зор үлесін қосқан.

Смағұл Сәдуақасов – теріскейдің тумасы. Қазіргі Ақжар ауданында дүниеге келген. Ол сұм саясаттың отарлау жүйесіне қарсылық көрсеткен. Қамшының сабындай ғана ғұмырында елдің азаттығы үшін күресіп өткен. Жауапты мемлекеттік қызметімен қоса, шығармашылықпен айналысып, төл әдебиеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан. Ондаған жыл бойы нар тұлғаның өмірбаяның зерттеген Дихан Қамзабекұлы қайреткердің біз білмейтін қырлары жайлы айтып берді. Ол алаш тарихын ардақтайтын өскелең ұрпақтың алдында парызым орындалды деп санайды.

ДИХАН ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, ҚР ҰҒА академигі:

– Смағұл Сәдуақасов ауыр кезеңде тығырықтан шығатын жолды іздеген жан. Халқы үшін жанын берген. Ол жастар үшін үлгі болды.

Қоса кетейік, биыл “Қазақ” атауының қалпына келтірілгеніне 100 жыл толып отыр. Алқалы жиынға арқау болған негізгі тақырыптар осы. Өскелең ұрпақ ел азаттығы үшін жанын берген азаматты ешқашан ұмытпауы қажет. Барынша дәріптеп, нар тұлғадан үлгі алып, мемлекетіміздің дамуына зор үлесін қосуы тиіс. Бұл оймен басқосуға қатысқан жастар да толықтай келіседі. Болашақ маман Ұлданай Ниетбаева конференцияның маңыздылығына тоқталды.

ҰЛДАНАЙ НИЕТБАЕВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Мұндай ғылыми конференциялардың жастарға берері мол. Өскелең ұрпақты патриотизмге баулиды. Қазақтың нар тұлғалары әрқашан есте болуы тиіс.

Айта кету керек, шараға қатысқан елге танымал зиялы қауым өкілдері Оқушылар сарайына Смағұл Сәдуақасовтың есімін беру керек деп ұсыныс тастады.