Еңбекке құштар жерлестеріміздің құлағына алтын сырға! Облыста өз ісін дамытуға арналған өтеусіз гранттар алу үшін тұрғындардан өтінімдер қабылдануда. Науқан мамырдың 21-і күні басталды. Биыл мемлекет қолдауын 300-ге жуық азамат сезіне алады.
ГҮЛДАНА БЕКТҰРҒАНОВА, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:
– Барлығы 425 млн теңге сомасына 270 грант беру жоспарланып отыр. Бірінші ағым шеңберінде 400 АЕК-ке дейін 135 грант берілетін болады. Гранттар бір рет беріледі. Ақша қажетті құрал-саймандар, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтар, жануарлар, мал, құс, көшеттер, бұталар, тұқым сатып алу, сондай-ақ үй-жайларды жалдау ақысын төлеу сияқты нысаналы мақсаттарға бағытталады.
Осы орайда айта кету қажет, гранттарды халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын жұмыссыз азаматтар мен өз бизнесін кеңейтуді қалайтын жеке кәсіпкерлер ала алады.
ГҮЛДАНА БЕКТҰРҒАНОВА, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:
– Үміткер өз бетінше business.enbek.kz порталы арқылы онлайн режимде өтініш беріп, (атаулы әлеуметтік көмек алушы, көп балалы жәрдемақы алушы, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушы, қоныс аударушы, қандастың, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдар санатын) өзі таңдайды. Грант бөлу туралы шешім комиссия отырысында қабылданады.
Нақтылай кетейік, алған қаражатты мемлекетке қайтарудың қажеті жоқ. Ал өтінімдерді қабылдау науқаны маусымның 3-ші жұлдызында аяқталады.