Саусақпен санарлық күннен кейін солтүстікқазақстандық балалар лагерлерге аттанады. Өңірімізде мұндай 9 демалыс орны бар. Теріскейлік ұл-қыздар бара алатын тағы бір көңілді уақыт өткізу мекемесі Ақмола облысының аумағында орналасқан. Бүгінде лагерлер маусымға дайындалуда. Жөндеу жұмыстарына қыруар қаржы бағытталыпты.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
– Биыл лагерлерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 393 млн теңге бөлінді. Жергілікті бюджеттен 5 лагерге қаржы қарастырылған. Оның көлемі – 368 млн теңге. Сауықтыру орындары Аққайың, М. Жұмабаев, Жамбыл, Ғ.Мүсірепов және Есіл аудандарында орналасқан.
Сонымен қатар, сенімгерлік басқарудағы лагерлер бар. Оларды да жөндеуге миллиондар бағытталыпты. Жалпы, алдағы жазда өңірімізде 6200 бала демалыспен қамтылмақ. Оның жартысына жуығы мемлекет тарапынан тегін демалады.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
– Биылғы күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары 1-ші маусымға дейін аяқталады деп ойлаймыз. Лагерлер 6-шы маусымнан жұмыс істейді. Балаларды қабылдау үшін температура кемінде 16 градус болуы қажет.
Жазда мектеп жанындағы алаңдар да жұмыс істейді. Оларда 58 мыңнан астам бала уақытты тиімді өткізеді. Брифинг барысында Айнагүл Сұрағанова Халықаралық балалар күніне арналған бағдарламамен бөлісті.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
– “Қазақстан балалары” мерекелік бағдарламасы қалалық әкімдік алдындағы алаңда 12.00-де басталып, 14.00-де аяқталады. Осыдан кейін барлық ниет білдіруші адамдар таэквондошылар мен каратэшілердің өнерін тамашалайды. Артынша жекпе-жек шеберлері ортаға шығады. Қаланың орталық алаңындағы іс-шаралар “Жас дарын” өнер мектебі тәрбиеленушілерінің мерекелік концертімен аяқталады.
Бұдан бөлек, бірнеше шығармашылық шара жоспарланған. Сонымен қатар, Петропавлда “Ғылым әлеміндегі балалар” фестивалі, “Бір аспан – бір әлем” дәстүрлі облыстық ұшу аппараттарың конкурсы өтеді.