Петропавлда мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық спартакиада бастау алды. Өңірдің түкпір-түкпірінен келген мамандар 3 күн бойы спорттың 7 түрі бойынша сынға түседі. Олар: волейбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, футбол, жүзу және шахмат. Қатысушылар жарысқа жақсы дайындықпен келген. Барлығы бас жүлдеден үмітті.
РОЗА ТУЧКОВА, М.Жұмабаев ауданы әкімі аппаратының бөлімше басшысы:
– Менің ойымша, мұндай жарыстар жиі өткізіліп тұруы қажет. Біз тек жарысып қана қоймаймыз. Сонымен қатар, адамдармен танысып, тәжірибе алмаса аламыз. Мен осы жылы ғана мемлекеттік қызметші атандым. Бұл менің алғашқы спартакиадам саналады. Додаға біршама уақыт дайындалдық. Жеңіске жетеміз деген ойдаймын.
Бәсі биік додаға өңірдің барлық аудандарынан келген және петропавлдық 500-ге жуық мемлекеттік қызметші қатысуда. Олар топтарға бөлініп, қаланың бірнеше спорт нысанында сайысады. Алдын ала жеребе тартылады.
НИНА УСЕНКО, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы:
– Дене шынықтыру және спорт басқармасы жыл бойы мыңнан астам жарыс ұйымдастырады. Соның нәтижесінде өңірдегі тұрғындардың 48 пайызы додаларға белсенді түрде қатысады. Мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада – жылда өтетін сайыс. Өте қызықты әрі тартысты болады деп сеніммен айта аламын. Командалардың барлығы мықты. Қазір кімнің чемпион атанарын дөп басып айту мүмкін емес.
Мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада жексенбі күні мәресіне жетеді. Финалдық кезеңде жиналған ұпайлар есептеліп, жеңімпаз бен жүлдегерлер мадақталады.