Бүгін – «Qyzyljar» креатив орталығында ерекше шара. Мұнда денсаулық сақтау саласының өкілдері бас қосты. Соның біразы кезінде көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасында еңбек еткен және әлі де сонда қызмет етуде. Аталған емдеу орнына биыл 60 жыл толып отыр. Бұл артта қалған аз уақыт емес. 60 жылдың ішінде ауқымды жұмыс атқарылды, жеткен жетістік те баршылық.
ЖАННА МАУЫТОВА, көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының директоры:
– Біздің ауруханада емделушілерге арналған жеті жүзден астам төсек-орын бар. Осы уақыт аралығында млн-нан астам адам ем қабылдады. 800 мыңнан астам операция жасалды. Аурухана үнемі даму үстінде.
Марат Омаров – сүйек-буын ауруларының білгірі. Аталған емдеу мекемесінің қабырғасында жарты ғасырға жуық еңбек еткен. Білікті маман қаншама адамның жарасын жазды, қаншама шәкірт тәрбиеледі.
МАРАТ ОМАРОВ, денсаулық сақтау ісінің үздігі:
– Осы ауруханада 45 жыл жұмыс істедім. 1979-шы жылы келгенмін. Бір орында істеп зейнеткерлікке шықтым. Әріптестерімді 60 жылдық мерейтоймен құттықтаймын. Тек қана жақсылық, дәрігерлерге денсаулық, амандық тілеймін. Ауруханамыз өркендеп, өсе берсін!
Айта кететін жайт, мерейлі мерекеге осы дәрігерлердің қолынан ем алған жандар да жиналған. Талғат Хамзин көп уақыт бойы жан сақтау бөлімінде жатқан екен. Жағдайы енді түзеле бастапты. Қала тұрғыны бүгін дәрігерлерге алғыс білдіру үшін арнайы келген.
ТАЛҒАТ ХАМЗИН, қала тұрғыны:
– Өткен жылы қатты ауырып науқастанып қалдым. Ота жасаттым, жан сақтау бөлімінде жаттым. 2022-ші жылы коронавируспен ауырдым. Осы абзал жандардың арқасында ауруымнан айықтым. Алғысым шексіз.
Емдеу мекемесі жылдан жылға дамып келеді. Қазіргі таңда ауруханада 570-тен астам адам жұмыс істейді. 15-ке жуық бөлімше бар.
Севара Зияхан