Қоғам

Жұмысшы мамандықтар фестивалі

Мамандық таңдай алмай жүргендерге жақсы мүмкіндік. Бүгін Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында жұмысшы мамандығына қатысты ауқымды фестиваль өтті. Оған өңірдегі 24 колледждің өкілдері қатысты. Әр оқу орнының қызметкері өздерінде оқытылатын кәсіп иелері туралы баяндап, жастарға мол мәлімет берді. Шара барысында шеберлік сабағы да ұйымдастырылды. Онда кез-келген адам мүмкіндігін сынып көрді.

Бірі білсе, бірі білмес, Ақжар ауданында Ленинград ауылшаруашылық колледжі бар. Білім ордасында кадрлар небәрі 3 мамандық бойынша даярланады. Олар: аспаз, есеп және аудит пен ауыл шаруашылығын механикаландырушы. Колледж шағын болғанымен мұнда сапалы білім беріледі, бәсекеге қабілетті маман тәрбиеленеді.

ЖІБЕК СӘКІМОВА, Ленинград ауылшаруашылығы колледжінің директоры, Ақжар ауданы:

– Колледжіміз 320 студентке арналған. Оның ішінде жатақхана, екі спорт зал, асхана бар. Колледжде студенттер бірреттік тамақтанады.

Виктор Моложенко Солтүстік Қазақстан кәсіптік даярлау және сервис колледжінде оқиды. Болашақ маман келешек кәсібі ретінде омарташылықты таңдапты. Мақсаты – өз ісін ашып, берекелі бал өндірумен айналысқысы келеді.

ВИКТОР МОЛОЖЕНКО, Солтүстік Қазақстан кәсіптік даярлау және сервис колледжінің студенті:

– Осы колледжге оқуға түсуге келгенде оқытушылар маған “Омарташы” мамандығының барын айтты. Өзім араларды зерттеумен айналысамын. Сол себепті, бірден аталған саланы таңдадым. Білім ордасында машық қалыптастыру мақсатында омарта құрылған. Сол жерде күнде араларды бағып-баптаймыз. Балын жинап аламыз, кейін оны сатылымға шығарамыз. Осы кәсіпті меңгеріп шығу үшін небәрі 1 жыл 10 ай оқу керек.

Өңірде алғаш рет өтіп жатқан маңызды шараға аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Өңір жетекшісі колледж ұжымдарының ұсынған көрмесін тамашалады.

Фестиваль аясында әр колледждің ең үздік деген бір студенті мамандығы бойынша жұмысқа орналасу сертификатына ие болды. Яғни, олар оқуларын аяқтағаннан кейін бір мекемеге жұмысқа орналаса алады. Аққайың ауданындағы аграрлық колледжінің 3-ші курс студенті Владимир Андреев жақында болашақ механизаторлар арасында өткен облыстық чемпионатқа қатысып, бас жүлдеге ие болған екен. Нәтижесінде жеке кәсіпкерлікке жұмысқа шақырту алды.

ВЛАДИМИР АНДРЕЕВ, Аққайың ауданы аграрлық колледжінің студенті:

– Байқауда оқып жатқан мамандығыма байланысты сан түрлі тапсырма болды. Дені көлікті жөндеу және жүргізуге қатысты. Соның ішінен бір тапсырманы орындау кезінде қателік жібердім. Бұл қазылар алқасы тарапынан жоғары баға алуға кедергі болған жоқ.

Облыстық білім басқармасы өкілдерінің сөзінше, келесі жылы колледждердің оқыту бағдарламасына жаңадан мамандықтар енгізіледі.

АЙНАГҮЛ СҰРҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Келесі жылы жаңа мамандықтар ашатын боламыз. Облыс бойынша колледждерде 11 мыңнан астам студент бар. 39 жұмысшы мамандығы бойынша оқытылуда. Келесі жылы оны 45-ке дейін көбейтетін боламыз.

Жалпы, қазір өңірдің еңбек нарығында 2 мыңнан астам жұмысшы мамандығы қажет.