Петропавлдағы «Қарасай» стадионында жол қозғалысының жас инспекторлары арасында облыстық турнир өтті. Дмитрий Минаев полиция қызметкері болуды армандайды. Мұндай жарысқа алғаш рет қатысуда. Тәжірибенің аздығы байқалады. Жеткіншек сайыс кезінде бірнеше қателікке бой алдырыпты.
ДМИТРИЙ МИНАЕВ, №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінің оқушысы:
– Мектеп жасақтары арасында өтетін турнирге 2 аптаға жуық дайындалдым. Сахналық көрініс әзірледік, белсенді жаттығулар жасадық және ән үйрендік. Менің ойымша, ең қиын кезең – “Жас санитар”. Онда күрделі сұрақтар болады.
Облыстық сайысқа 100-ге жуық оқушы қатысты. Олар «Жас санитар», «Жол қозғалысын реттеуші», «Велосипедті ұқыпты жүргізу» және «Жол қозғалысы ережелелерінің білгірлері» кезеңдері бойынша сынға түсті. Жеңімпаз жасақ анықталады. Үздік атанған балаларды сапар күтіп тұр.
АЗАМАТ ЖАМҰҚОВ, СҚО ПД ЖПҚБ ерекше тапсырмалар жөніндегі инспекторы:
– Жеңімпаз атанған құрама тамыз айында Шығыс Қазақстан облысында өтетін республикалық додада өңір намысын қорғайды. Жарыс балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған. Ұл-қыздар ережені кішкентай күннен білу қажет. Сонда өздері сақ жүреді және достарына, іні-қарындастарына негізгі талаптарды айтып жүреді. Бұл өте қажетті турнир деп білеміз.
Өкінішке қарай, облыста балалардың қатысуымен жол-көлік оқиғалары тіркелуде. 5 айдың ішінде 28 апат болған. Салдарынан 32 ұл мен қыз жарақат алыпты.