Парабиатлоннан әлем чемпионы Ербол Хамитов мүмкіндігі шектеулі балалармен кездесті. Жастармен жүздесу барысында құрметті қонақ ақыл-кеңесін айтты, қандай жағдай болмасын мойымау керектігін жеткізді. Ел мерейін асырған спортшы күнде келе бермейді. Сәті түсіп тұрғанда кейінгі буын өкілдері онымен бірге жаттығу жасап, тәжірибе алмасты.
ЕРБОЛ ХАМИТОВ, парабиатлоннан әлем чемпионы:
– Салауатты өмір салтын ұстану қажет, спорт мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек береді. Денелері шымыр болып, өмірге деген көзқарастары өзгереді. Тек алға қадам басады. “Мүмкіндігім шектеулі” деп ешқашан өмірден түңіліп кетудің қажеті жоқ. Қаншама параспортшы толағай табыстарға жетіп жатыр. Сондықтан, мына жеткіншектердің арасынан болашақта өңіріміздің, еліміздің намысын абыроймен қорғайтын азаматтардың шығатынына кәміл сенімдімін.
Параспортта әлемді мойындатқан Ерболмен бір залда дайындалу – жеткіншектер үшін нағыз қуаныш. Барлығы чемпионның жанынан шықпады. Ақыл-кеңес сұрағандары да аз болмады. Егор Семенов – 18 жаста. Ол аномалия дертіне шалдыққан. Жігерлі жас тағдырдың тауқыметіне мойығысы келмейді. Болашақта Ербол сияқты әлемді мойындатқан спортшы болғысы келеді.
ЕГОР СЕМЕНОВ, “Жас жауынгер” дене шынықтыру-сауықтыру клубының тәрбиеленушісі:
– Спорт – өмір. Боксты жаным сүйеді. Жаттықтырушым маған көп айла-тәсіл үйретті. Қарсыластарымның барлығын жеңуге қауқарым жетеді. Алдағы уақытта да спортты тастамаймын. Жетістіктерге жеткім келеді.
Залдағы балалардың көзінен отты байқауға болады. Барлығы белсенді болды. Қазіргі таңда ұл-қыздарды екі жаттықтырушы жаттықтырады. “Жас жауынгер” дене шынықтыру-сауықтыру клубының өкілдері – Николай мен Наталья өз қызметтерін тегін атқарады.
НИКОЛАЙ КАРДОВАТОВ, “Жас жауынгер” дене шынықтыру-сауықтыру клубының жаттықтырушысы:
– Клубта 30-ға жуық бала дайындалады. 5 жастан 18 жасқа дейінгі ұл-қыздарды қабылдаймыз. Мұндай жастарды шыңдау оңай емес. Өзіндік қиыншылықтары бар. Бірақ, біз барлығымен тіл табысып кеттік. Олар залда жаттығу арқылы бір-бірімен араласады. Жаңа достар табады. Өзін жақсы қырынан танытқандарды жарысқа апарамыз.
“Жас жауынгер” клубы жайлы толығырақ айтайық. Ұйым 2023 жылдан бері жұмыс істейді. Маңызды жоба “Қазақстан халқына” қорының қолдауымен жүзеге асты. Ал кездесу соңында чемпионымыз Ербол Хамитов пен спортшы балалар қимай қоштасты.