Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Науқан тамыздың 1-ші жұлдызында басталып, қазанның 20-сы күні аяқталады. Қазір маңызды іс-шараға дайындық жүріп жатыр. Бұл жайлы арнайы брифинг барысында айтылды.
ЖОРАБЕК ДӘУРЕНОВ, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Ауыл шаруашылығы санағы – бұл еліміздің аграрлық секторының құрылымы, ресурстары мен жай-күйі туралы өзекті әрі сенімді деректерді алуға мүмкіндік беретін ауқымды статистикалық байқау. Санақ деректері тиімді мемлекеттік саясат құру, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажет. Санақ жүргізу және оның мерзімдері туралы шешімді Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылдады.
Тиісті жұмыстар алдымен маусым айында Булаево, Мамлютка, Сергеевка және Тайынша сынды қалаларда өтеді. Онда санақ қызметкерлері сауалнамадан өтуге жататын үй шаруашылықтарының тізімдерін нақтылайды.
ЖОРАБЕК ДӘУРЕНОВ, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Санақтың негізгі кезеңі 1 тамыз бен 20 қазан аралығын қамтиды. Өз ішінде ол онлайн және офлайн кезеңдерге бөлінеді.
Алдымен 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz. сайтында онлайн-сауалнама жүргізіледі. Бүгінде сайт санақ жұмысымен танысу үшін жұмыс істеп тұр. Заңды тұлғалар, фермерлер, үй шаруашылықтары – барлығы порталдағы санақ парақтарын қашықтан өз бетінше толтыра алады. Бұл әдіс өте ыңғайлы, сонымен қатар деректерді жинаудың тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Ал екінші кезең – интервьюерлердің үй шаруашылықтарын жеке-жеке аралауы. Бұл науқан қыркүйектің 20-сы күні басталып, қазанның 20-шы жұлдызында аяқталады. Құлақтарыңызға алтын сырға, жауап ұсынудан бас тартқандар жаза арқалауы мүмкін.
ЖОРАБЕК ДӘУРЕНОВ, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Жиналған деректер өңделеді және жарияланады. Бұл ретте ұсынушы жайлы мағлұмат жария етілмейді. Жоспар бойынша 86 мыңға жуық үй шаруашылығын және 6,4 мың ауыл шаруашылығы өндірушісін қамту жоспарланған. Санақ қызметкерлері барлық респондентті қамтуға міндетті. Қатысудан бас тартылған жағдайда заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Алаяқтардан абай болу қажет. Қулар санақты сылтау етіп, сан соқтыруы мүмкін. Біле жүрген маңызды, үй-үйді аралайтын адамдар арнайы киімде болады, тілдесер алдында құжат ұсынады.