Ауыл шаруашылығы

Биыл Ғ.Мүсірепов ауданында 1200 басқа шақталған тауарлы-сүт фермасы қолданысқа беріледі

Ғ.Мүсірепов ауданындағы Буденное ауылында тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр. Нысан ауылдың аты берілген агроқұрылымға тиесілі. Кешен 1200 тұяқтыға шақталған. Нысан қолданысқа берілгеннен кейін мұнда жылына 10 мың тонна ақ өндірілетін болады. Айта кету керек, маңызды жұмыспен алматылық серіктестік айналысуда.

ЕРҒАЛИ ЖОЛДАСОВ, учаске бригадирі:

– Екі сиыр және бұзау қорасының құрылысы аяқталды. Жоба құны – 7 млрд 800 млн теңге.

Құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Қазіргі таңда еңбеккерлер кешеннің ішін әрлеп жатыр. Мұнда АҚШ-тан сиырдың голштино-фриз тұқымы әкелінеді. Бұл – әлемге сүттілігімен танымал тұяқтының бір түрі.

ЕРҒАЛИ ЖОЛДАСОВ, учаске бригадирі:

– Учаскеде 80-ге жуық адам мен 50 техника жұмыс істеп жатыр. Нысанның ішіне электр қуаты мен су кіргізілді.

Ерғали Жолдасовтың айтуынша, жұмыс сапасына алаңдаудың еш қажеті жоқ. 2 жылдық кепіл берілген. Яғни, олқылықтар табылса, еңбеккерлер қайта келіп, барлығын қалыпқа келтіреді. Айта кету керек, заманауи нысан қолданысқа берілгеннен кейін 70 адам жұмыспен қамтылады.