Солтүстікқазақстандық құтқарушылар ұл-қыздарға арналған көңілді әрі танымдық шараларды жалғастыруда. Сондай жиынның бірі Петропавлдың орталық алаңында өтті. Мұнда қаз-қатар қызметтік техника қойылды. Балғындар оларды тамашалап қана қоймады, қолдармен ұстады, отырып көрді, осылайша ерекше сезімді бастан кешірді.
БОЛАТ ЖҰМАЖАНОВ, Петропавл қалалық ТЖБ бастығының орынбасары:
– Халықаралық балаларды қорғау күні алдында жиналып отырмыз. Мақсатымыз – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жеке құрам келді, 11 техника жеткізілді.
Балаларды құтқарушылардың киімдері де қызықтырды. Ал қызметтік итке олар тіпті мәз болды. Жуас әрі ақылды жануарды сипады, суретке түсті.
– Техника өте көп. Кейбіріне міндік. Сонымен қатар, бізге ит ұнады. Ол өте сүйкімді.
– Машиналарды асықпай аралап шықтық. Барлығы күшті екен. Мұндай шараға қатысамын деп ойламаппын.
Мұнымен танымдық шара аяқталмады. Оның барысында құтқарушы қызметшілер зардап шеккен адамға бірінші көмекті қалай дұрыс көрсету керектігін көрсетті.