Балалар

Балалар өрт сөндіру бөлімінде болды

Балалар қауіпсіздігі – басты назарда. Бүгін осындай тақырыпта қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде ерекше шара ұйымдастырылды. Шақырылған қонақтар – балалар үйінің тәрбиеленушілері. Оларға мамандар күнделікті жұмысты таныстырды. Бұл жолы төтеншеліктер сөзбен айтып емес, іспен көрсетуді жөн деп тауыпты.

АЗАТ САМАТОВ, қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

– Іс-шара аясында балаларға өрт қауіпсіздігі ережелері, терезеден құлаудың алдын алу бойынша дәрістер өткізілуде. Сондай-ақ, балалар үшін өрт сөндіру және құтқару техникалары, өрт сөндіру жабдықтары көрмесі ұйымдастырылды.

Танымдық кездесу барысында бөлім қызметкерлері барынша шынайылықты көрсетуге күш салды. Су шашылды, өздері көпқабатты ғимараттан секіріп, өрт кезіндегідей әрекет етті. Шараны 50-ден астам бала тамашалады. Ұл-қыздар кейін алғашқы медициналық көмек көрсету қызметімен тілдесті, арнайы киімдерді киді, өрт сөндіру жабдықтарымен танысты. Өздерін бір сәтке құтқарушы сезінді.

АЯЖАН ЖАРҚЫНБАЕВА:

Бүгін құтқарушылардың бүкіл әлемге қалай көмек көрсететінін білдім, өрт сөндірушілердің өртті қалай сөндіргенін бақыладым. Маған өте қатты ұнады. Бәрі түсінікті дей аламын. Мереке қарсаңындағы ерекше шара болды.

Шара соңында дастархан жайылып, балалар дәмді тамақтан ауыз тиді. Мереке астан кейін де жалғасын тапты. Жеткіншектер бөлім қызметкерлерімен бірге футбол ойнады. Бұл екі тарап үшін де қызықты әрі есте қаларлықтай күн болды.