Мәдениет

Ақан сері атындағы облыстық филармония 60-шы маусымды тәмамдады

Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясы – өңір мәдениетінің алтын діңгегі. 1965 жылы құрылған бұл өнер ордасы 60 жыл бойы тыңдарманды қуантып келеді. Биылғы маусымның, бүгінгі шараның маңызы зор. Шымылдық жабылар кешке сахна саңлақтары тыңғылықты дайындалыпты.

Бүгінгі таңда филармонияның құрамында 100-ге жуық әртіс пен қызметкер еңбек етеді. Ал репертуарда жүздеген туынды бар. Талантты теріскейліктер өңір тұрғындары мен қонақтарына мәдениет пен өнердің көркем үлгісін ұсынып, рухани азық пен баға жетпес шаттық сыйлауда.

БОТАГӨЗ АҚМАҒАНБЕТОВА, Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының директоры:

– Әрбір маусым жаңа бағдарламадан, жаңа гастрольдік сапарлардан, жаңа байқаулардан тұрады. Осы маусым бізге жемісті болды. Биіктен көріндік.

Ақан сері атындағы облыстық филармонияның шығармашылық ұжымында сан жылдар бойы табанды еңбек етіп келе жатқан әртістер де аз емес. Солардың бірі – әншілік өнермен тыңдарманның жүрегін жаулаған, талай додада оза шапқан Дәмеш Құрманкина. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері – жастарға жол сілтеуші. Артынан ерген таланттарға ақыл айтады. Мерейтойлық кеште дарынды жерлесіміз тамаша әнімен көпшіліктің қошеметіне бөленері сөзсіз.

ДАМЕШ ҚҰРМАНКИНА, Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының әншісі:

– Бұл әртістердің ғана емес, халықтың да мерекесі дер едім. Біз халық үшін жұмыс істейміз. Қыстағы суыққа, жаздағы ыстыққа шыдап, алыс сапарларда қызмет етеміз. Оңай жұмыс емес. Мен бұл филармонияда 22 жыл еңбек етемін. Бүгін Сегіз сері атындағы оркестірмен жерлесіміз Жоламан Тұрсынбаев ағамыздың “Айналайын Қызылжар” әнін орындаймын.

Өнер ұжымын құттықтап келген шығармашыл жандар да жоқ емес. Сонау Астанадан ат терлетіп келгендердің бірі – Азамат Жылтыркөзов. Талант иесі ізгі тілегін білдірді.

АЗАМАТ ЖЫЛТЫРКӨЗОВ, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның солисі, Астана қаласы:

– Сіздердің эстрадалық симфониялық оркестрлеріңізбен көп жылдан бері араласамыз. Жиі келіп тұрамын. Осында өзімнің де кешім өткен болатын. Бүгін эстрадалық симфониялық оркестрмен өнер көрсетемін. Осы филармония ұжымына сәттілік тілеймін, тек өсе беріңіздер!

Бұл жолғы кеш бұрынғы кештен өзгерек. Әртістердің еңбегі мен елдің алғысын тоғыстырған гала-концерт бір емес, екі күнге жоспарланған. Филармония ұжымы қонақтардың жүрегіне кезекті мәрте жол тауып, ұлы өнердің теңізінде тербеткісі келеді.

 

Севара Зияхан