Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында “Qyzylzar” креатив орталығына қалалық мектеп оқушылары жиналды. Олар үшін бұл жерде интерактивті тапсырмалары бар бірнеше алаң дайындалды. Ойын түріндегі шара арқылы ұл-қыздар киберқауіпсіздік туралы ақпар алады және цифрлық саладағы мамандықтармен танысады. Яғни, қатысушылар уақытты тиімді және қызықты өткізеді.
НҰРГҮЛ БОЛАТОВА, “Astana Hub” өңірлік филиалының менеджері:
– Қатысушылар 5 командаға бөлініп, орталықтың 5 бөлмесінде тапсырмаларды орындайды. Бізде Digital Nomads IT сыныбы бар. Ол жерде балалар киберқауіпсіздіктің негізгі ережелерімен танысады және «Kahoot» атты интеллектуалды сауалнамаға қатысады. Келесі орын – дизайн-зертхана. Онда жастар жасанды интеллект арқылы өздерінің кибер-кейіпкерлерін жасайды. Бұдан әрі цифрлық кітапханаға барады, онда қонақтарымыз сөз тіркестерін анықтауы керек.
Балаларға дрондарды басқару өнері де таныстырылды. Жылдан-жылға бұл құрылғының қажеттілігі артып келеді. Әрбір жас оның тілін білгені абзал.
СНЕЖАНА ГУБАЙДУЛИНА, «GEOSAN PIONER» білім беру жобасының жетекшісі:
– Осы жерде балаларға ұшқышсыз ұшақты басқаруды үйретеміз. Ұл-қыздар өздерінің дрондарын әдемі және дәл ұшыруы керек. Креативті орталық – ақыл-кеңес айтылатын алаң ғана емес, үйренетін, тәжірибе шыңдайтын база. Біз болашаққа сеніммен қарайтын жастарды қабылдауға асықпыз.
Жоғары сынып оқушылары бір-бірімен сайысып жүріп мол ақпарат алды. Ең бастысы, қауіпсіз орта құруды ұғынды. Шара қатысушысы Ясмина Нұртазина орталыққа келгеніне, қажетті дерек алғанына қуанышты.
ЯСМИНА НҰРТАЗИНА, Ғ.Мүсірепов атындағы №43 орта мектебінің оқушысы:
– Қазіргі уақытта мен үшін киберқауіпсіздік – өте өзекті мәселе. Себебі, күн сайын интернетте отырамын. Егер маған алаяқтар жазса немесе қоңырау шалса, не істеу керектігін және қалай жауап беру қажеттін білуім керек. Осы шараның арқасында пайдалы ақпарат алдым.
Сайыс түріндегі ақпараттық шара жалғасын табады. Алдағы уақытта тағы ұйымдастырылып, орталыққа өзге оқушыларды шақыру көзделіп отыр. Айтпақшы, квест соңында белсенді қатысушылар мен үздік деп танылғандар естелік сыйлықтарымен марапатталды.