Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте тепсе темір үзер 17 жігітті әскер қатарына шығарып салу шарасы өтті. Мына азаматтар бүгін Астана қаласына аттанады. Олар Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтемек. Болашақ сарбаздар 3 күн бойы іріктеліпті. Жергілікті 6637 әскери бөлімінің командирі Досан Күркеновтің айтуынша, қазіргі таңда сарбаздарға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатыр.
ДОСАН КҮРКЕНОВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің командирі:
– Мына жігіттер 1 жылдан кейін бізге жұмысқа тұра алады. Өзін жақсы көрсеткен сарбаздар жоғары оқу орындарынан грант ұтып ала алады.
“Отан үшін қызмет етуге дайынбыз” деп ұрандаған жастардың арасында тайыншалық Ағажан Асан да бар. Ол бала кезінен әскери адам болғысы келген екен.
АҒАЖАН АСАН, әскерге шақырылушы:
– Әскери борышты өтеу – әр ер азаматтың парызы. Болашақта әскери адам болғым келеді.
Мінберге шыққан шенділер қаз-қатар сап түзеген жігіттерге жалынды сөздер мен жақсы тілектер айтты. Естелік сыйлықтар да табысталды. Көп ұзамай әскерден хат жазатын болашақ сарбаздарға кеңсе тауарлары аса қажет болмақ. Көп ұзамай ата-аналары мен жақындары балаларын құшақтарына алды. Араларында көз жасына ерік бергендер де аз болмады.
Айта кету керек, жыл басынан 300-ге жуық теріскейлік жігіт әскерге аттанған.
Нұрасыл Ахмет