Ғ.Мүсірепов ауданының орталығында жоғары технологиялық зауыт салынуда. Онда жарма мен үлпектің бірнеше түрі шығарылады. Жобаны жергілікті «Қазақстан Бидайы» серіктестігі іске асырып жатыр. Оған кәсіпкер өз қалтасынан 3 млрд теңгеден астам қаражат бағыттапты. Ал инфрақұрылымды жүргізуге облыстық бюджеттен 291 млн теңге қарастырылған.
ҚАЖЫМҰҚАН БЕКІШ, “Қазақстан Бидайы” ЖШС бас директоры, Ғ. Мүсірепов ауданы:
– Құрылысты өткен жылдың мамырында бастадық. Тамыздың ортасында немесе қыркүйектің басында ашуды жоспарлап отырмыз. Барлығын салып қойдық. Құрал-жабдық орнатып жатырмыз.
Мұнда астық терең өңделіп, қосылған құны аса жоғары 9 өнім түріне айналады. Ол үшін толық өндірістік цикл әзірленген. Бұл отандық тауардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Тағы бір қуантарлық жайт, кәсіпорында 20-дан астам адам еңбек ететін болады.
ҚАЖЫМҰҚАН БЕКІШ, “Қазақстан Бидайы” ЖШС бас директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Жұмысшыларды аламыз. Тізім 24 адамнан тұрады. Біздің ауданда жұмыс орны көп. Жалақы жақсы. Бұл зауытта орташа жалақы 280 мың теңге болады.
Жоспар бойынша әр қабатта 3 өндірістік желі орналасады. Энергия тиімділігі мен экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылады. Барлық технология халықаралық стандарттарға сай болады.
НҰРЛАН ОСПАНОВ, учаске бригадирі, Алматы қаласы:
– 3 бригада жұмыс істеп жатыр. Украиналық жабдықтар орнатылуда. Бұл – ең басты жұмыс. Тағы бір топ жылыту орталығын салуда, ал үшінші бригада электр қуатын тартуда.
Серіктестік тұрақты түрде шикізатпен қамтылуы тиіс. Сол үшін басшылық жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен ынтымақтастық орнатпақ. Бұл бастама облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қуатты серпін береді және елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпалын тигізеді.
Байболат Құлтанов