Қоғам

Олжас Бектенов: Жылыту маусымына дайындық – әкімдіктердің алдағы үш ай ішіндегі негізгі міндеті

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымының қорытындысы және алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы қаралды. Алдағы күзгі-қысқы маусымға дайындық аясында еліміздегі электр стансаларында 10 энергоблок, 63 қазандық және 39 турбинаны жөндеу көзделген. Энергетика министрлігінің мәліметінше, бірнешеуінде жоспарланған іс аяқталыпты. Орталықтандырылған жылумен қамту аймағындағы 66 қазандықтың 44-ін реконструкциялау жоспарланып отыр. Премьер-министр өткен жылыту маусымы қалыпты деңгейде өткенін, ал қыста технологиялық бұзушылықтар саны 10%-ға төмендегенін атап өтті. Қабылданған шаралар жылу стансаларын жаңғырту жұмыстарын қаржыландыруды 44%-ға, жылу желілеріне шамамен 30%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ – ҚР Премьер-министрі:

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ең алдымен 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Тозығы жеткен қалған барлық жылу станциялары мен желілерін жөндеуді жалғастыру қажет. Біздің міндетіміз – халықты жылумен және электр энергиясымен сапалы қамтамасыз етіп, қолданыстағы жабдықтардың пайдалану мерзімін қауіпті деңгейге жеткізбеу. Ал, ол үшін энергия көздері мен желілердің негізгі жабдықтарын жөндеу және ауыстыру жұмыстарын тұрақты әрі жоспарлы түрде жүргізу қажет.

“Барлық жұмыс белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалуы тиіс. Талап қатаң болады”,- деді премьер-министр. Олжас Бектенов бірқатар өңірдегі энергия көздерін жөндеу жұмыстарының кешеуілдеу қаупіне назар аударды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ – ҚР Премьер-министрі:

– Мұндай кемшіліктер өңірлердің бәрінде дерлік кездеседі және ол тиісті бақылаудың жоқтығын білдіреді. Әкімдіктер министрліктерге сілтеп немесе қаражаттың жоқтығын, конкурстарды сылтауратып, бұл жұмысты назардан тыс қалдыруға болмайды. Жылыту маусымына дайындық – әкімдіктердің алдағы үш ай ішіндегі негізгі міндеті.

Өңір әкімдіктеріне барлық конкурстық рәсімдерді екі апта мерзімде аяқтап, жөндеу жұмыстарына нақты кірісу қажеттігі жүктелді. Биыл іске қосу жоспарланып отырған жаңа жылу нысандары бойынша барлық жұмысты тамыз айынан кешіктірмей аяқтау қажет.
Әкімдерге жылу нысандарына апта сайын барып, жағдайды жеке бақылауға алуды және барлық туындаған тәуекелдер бойынша шұғыл әрекет ету тапсырылды. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде – 15 қазанға дейін толықтай әзір болуы тиіс.