Қазіргі таңда жастардың көбі оңай жолмен ақша тапқысы келеді. Жеңілдің астымен жүремін деп шалыс басады. Құмар ойын ойнайды, есірткі тасымалдаумен айналысады. Аталған жағымсыз қасиеттерге қаламыздағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің ұстаздары мен оқушылары түбегейлі қарсы. Бүгін білім ұясында ерекше акция ұйымдастырылды. Шараға кәсіби спортшылар шақыртылған. Олар ұл-қыздарға түрлі тәсілдер көрсетті, әркез салауатты өмір салтын ұстану керектігі жайлы айтты.
ЛӘЗЗАТ ЖАЛМҰҚАНОВА, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:
– Спортпен шұғылданатын жас ешқашан есірткіге жоламайды. Сондықтан, барлығын салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын. Шараға кәсіби спортшыларды шақырудың өзіндік себебі бар. Облыс мерейін асырған азаматтар ұл-қыздарға үлгі болады. Оқушыларымыз оларға қарап бой түзейді. Жаман әдеттерден аулақ болады.
Шара жай ғана акция емес, құдды бір спорт мерекесіне айналғандай. Басқосуға қарап аталған мектептің оқушыларын аса белсенді деп айтуға болады.
Аталған мектептің оқушылары шеттерінен өнерлі, оқуда озат, спортқа да бір табан жақын. Оған Диана Донская дәлел. Бұрымдының каратемен айналысып жүргеніне 7 жыл болған. Ол осы уақыт ішінде бірнеше мәрте ел біріншілігінде жеңімпаз атанған. Тіпті, Азия чемпионатында да тұғырдың ең биік сатысынан көрінген екен.
ДИАНА ДОНСКАЯ, оқушы:
– Зиянды заттардың кесірінен қаншама адам денсаулығын құртып, өмірімен қоштасып жатыр. Менің ойымша, жастар уақытын босқа өткізбеулері керек. Спортпен шұғылданып, кітап оқыған дұрыс деп санаймын. Әлеуметтік желілерде де көп отырмаған дұрыс. Бәленің барлығы смартфонда көргенімізден басталады ғой.
Айта кету керек, шара облыстық полиция департаментінің көмегімен ұйымдастырылды.