Бильярд достарымызбен немесе әріптестерімізбен ғана ойнайтын ойын емес, бұл – жанұя мүшелері де демалатын және ата-ана мен баланы бір-біріне жақындастыра түсетін ойын. Мұны Петропавлдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы бірнеше жылдан бері дәлелдеп келеді.
ДАНИЯР УӘЛИЕВ, Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:
– Турнирді 3-ші жыл қатарынан өткізіп жатырмыз. Биылғы сайысты мектептің 10 жылдығына арнадық. 20 команда қатысуда.
Әр команда 2 адамнан тұрды. Әкесі және ұлы немесе қызы. Ал аналар жағы жақындарының тілеуін тіледі. Сайыста тіс қаққандар да, қолына бильярд таяғын енді ұстағандар да болды.
МАРЖАН ӘЛЖАНОВА, ата-ана:
– Бұл турнир өзіме ұнады. Жолдасым мен балама жанкүйер болудамын. Турнирдің мақсаты – отбасындағы қарым-қатынасты нығайту.
Бірнеше үстел ұсынылғандықтан бильярд турнирі көпке созылмады. Сайыс соңында жеңіпаз бен жүлдегерлерге кубок, медаль және грамота табысталды.