Қоғам

Комитет төрағасы солтүстікқазақстандықтармен қашықтықтан тілдесті

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров солтүстікқазақстандықтармен қашықтықтан тілдесті. Мұндай форматтағы жүздесу қос тарап үшін де тиімді. Шенеунік өңір аралап, табан тоздырмайды, ал халық алтын уақытын сарп етіп, кабинет жағаламайды. Шараға бюджеттік ұйымдардың, бизнес қауымдастықтың және құқық қорғау органдарының өкілдері де қатысты.

ЗӘУРЕШ ҚАПАРОВА, СҚО ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы:

– Комитет төрағасы алғаш рет халықпен тілдесуде. Ал біз өз кезегімізде әр ай сайын тұрғындармен кездесеміз. Аудандарға да шығамыз. Адамдарға заңнамадағы өзгерістерді баяндаймыз. Өзекті сұрақтарға жауап береміз. Көп жағдайда мемлекеттік сатып алуға қатысты мәселелер талқыланады. Ақпараттық көмек ұсынуға әрдайым дайынбыз.

Мұндай кездесулерде саладағы жаңашылдықтар жайлы да айтылады. Бүгінде Комитет пен оның аумақтық бөлімшелері бюджеттік ұйымдарға онлайн мониторинг жүргізеді. Нақтырақ айтсақ, жалақы төлемдерін бақылайды. Негізгі мақсат – қазынадағы қаржыны құмға сіңген суға айналдырмау.

ЗӘУРЕШ ҚАПАРОВА, СҚО ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы:

– Осы жылдың 4 айына қатысты статистика бар. Біз осы аралықта 660-тан астам төлемді бақыладық. Нәтижесінде жалпы сомасы 7 миллион теңгеге жуық 66 тәуекел анықталды. Тиісті шараларды дер кезінде қабылдадық. Соның арқасында ақша уақытылы бюджетке қайтарылды.

Баяндама оқылған соң Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров солтүстікқазақстандықтардың сауалдарына жауап берді. Аса көп сұрақ қойылмады. Ал көтерілген мәселелердің дені кәсіпкерлік саласына қатысты болды.

Байболат Құлтанов