Қоғам

Балалар Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында өңірде күн сайын түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі – ХҚКО-да өтті.
Жеткіншектер мұнда құжат рәсімдеуге емес, құжат әзірлейтін қызметкерлердің жұмысымен танысуға келді. Мақсат – ертең білікті маман атанатын бүгінгі ұрпаққа қызметтің қыр-сырын көрсету, салаға деген қызығушылығы мен құқықтық сауаттылығын арттыру.

ЕРКІН ЖҰМАБАЙ, “Азаматтарға арналған үкімет” МК” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

– Шараны ұйымдастыруда бейінді министрлік қолдау көрсетті. Экскурсия қатысушылары ретінде оқушылардың таңдаған себебіміз, бұлар – болашақ мамандар. Сандық мамандықтар қазір аса сұранысқа ие. Бүгінгі тыңдаушылардың әрқайсысы келешекте саланың, елдің дамуына өзіндік үлесін қоса алады. Балаларды орталық жұмысымен таныстырып қана қоймай, сауалнама өткіземіз, соңында сыйлық табыстаймыз.

Таң атқаннан кеш батқанға дейін тапжылмастан компьютер алдында тер төгетін мамандардың жұмысы әсте оңай емес. Бұл – елдің дамуы үшін аса маңызды сала. Ондағы мамандар білікті, әдепті, жауапкершілігі де зор болуы керек. Мұндағы қызметкерлердің алдынан күніне жүздеген құжат өтеді. Экскурсия тамсана танысушы балалардың қызығушылығын тудырды. Сұрақ жаудырған батылдылары да көп екен. Арасында өскенде корпорация қызметкері атанғысы келетіндер де табылды.

– Мен болашақта халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істегім келеді. Мұнда жұмыс істеуге жайлы екен.

– Бүгін аса танымдық экскурсия болды. Өзім үшін біраз пайдалы мағлұмат алдым. Аккаунттың паролін ауыстырып отыру керек екен әрі құр сандарды ғана термей арасына әріп жіберген дұрыс.

 

Данаш Хамза