Құрмет көрсетіліп, көпшіліктің алдына шыққан педагог алақандай ғана ауылдан түлеп ұшты. Қызмет жолын сонау 80-ші жылдары бастады. Ал былтыр Президенттің қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасын алды. Бұл – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айжан Қапезова. Өмірде көргені мен ойға түйгені көп білікті маман Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжіне қонақ ретінде шақырылған. Ол болашақ ізбасарларымен қауышты.
АЙЖАН ҚАПЕЗОВА, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасының иегері:
– Баян ауылына жолдамамен жіберді. Бұл ауылда 1983 жылдан 1999 жылға дейін жұмыс істедім. Содан бері Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінде еңбек етудемін. Жалпы еңбек өтілім 42 жылды құрайды.
Кездесу барысында жарты ғасырға жуық білім саласында еңбек етіп келе жатқан ұстаз жастарға ақылын айтты. Бастауыш сынып мұғалімі – ауыр жүкті иығына артқан маман. Ол бүлдіршіннің еркелігін көтереді, сауатын ашады және орта буынға тапсырады. Демек, ертеңгі түлектің томағасын сыпырады. Бұл ретте педагогтың бойында бірнеше қасиет болуы қажет.
АЙЖАН ҚАПЕЗОВА, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасының иегері:
– Бастауыш сынып мұғалімі баланың психологиясын тез ұғынуы керек. Сонымен қатар, жауапкершілікті сезінуі тиіс. Мұғалім төзімді болғаны жөн.
Айтылғандарды болашақ ұстаздар тыңғылықты тыңдады. Шарада өзге де қонақтар сөз алды. Олар да білім саласы бойынша әңгіме қозғады.
АРУЖАН ШАУХИ, Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:
– Керемет дүниелер айтылды. Бала тәрбиесі турасында біраз дерек білдік. Кездесу бәрімізге ұнады. Өзімнің мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді. Қазақтан еліне еңбегімді сіңірсем деймін.
Алдыңғы мен кейінгі толқын қауышқан кездесуде студенттер өнер көрсетті. Шертілген күй барлығының жүрегіне жетті.