Білім

Тіс дәрігерлері балаларды қуантты

Балаларды қорғау күніне орай облыстық стоматологиялық емханада ерекше шара өтті. Сурет салу байқауы, ашық есік күні мен сыйлықтар – бәрі де балалардың көңілін көтеріп, олардың денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Кішкентайлар тіс бейнесіндегі суреттер салған. Өнер туындылары емхана қабырғасында ілулі тұр. Ал ашық есік күнінде емделуге келген 100-ден аса балақайға сыйлықтар мен тіс щеткасы тарту етілген. Дәрігерлердің айтуынша, бала стоматологтан қорықпауы керек. Сол үшін осындай жылы жүзді, достық атмосферада өтетін шаралар аса маңызды. Ақ халатты мамандар жеткіншектердің ата-аналарына тіс жегісінің алдын алу жолдары туралы пайдалы кеңестер берді.

ӘСЕЛ БИСЕНОВА, облыстық стоматологиялық емхананың дәрігер- стоматологы:

– Ең алдымен, профилактиканы ананың жүктілік кезеңінен бастау қажет. Себебі, іштегі баланың тістері сол кезден қалыптаса бастайды. Болашақ ананың тамақтануы рационалды және микроэлементтерге бай болуы тиіс. Бала дүниеге келгеннен кейін дәрігердің қарауында болып, жақ-бет жүйесінің даму факторларын қадағалау керек. Тіс шыға бастағанда жұмсақ силиконнан жасалған саусаққа киетін тіс щеткасын пайдаланған абзал. Балаларға арналған тіс пастасының құрамында ксилит, гидрокислопатит, аминофторид және фтор болуы қажет. Тістер толық шыққаннан кейін стоматологқа жылына екі рет тексеріліп тұру керек.

 

Севара Зияхан