Жыл басынан Тайынша ауданында 16 өрт оқиғасы орын алған. Өкінішке қарай, салдарынан 2 адам қаза тауыпты. Келген материалдық шығынның көлемі 47 млн теңгеден асып жығылады. Маңызды ақпармен аталған ауданның ТЖБ бастығы Алексей Лазоренко бөлісті.
АЛЕКСЕЙ ЛАЗОРЕНКО, Тайынша аудандық ТЖБ бастығы:
– Өткен жылы осы уақыттың ішінде 6 өрт оқиғасы ғана тіркелген болатын. Бірақ, біз жағымсыз статистиканың одан әрі ұлғаймауы үшін ауқымды істер атқарудамыз. Жыл басынан мамандарымыз әр ауылға барып, тұрғындармен тілдесті. Маңызды жұмыс 17 мың адамды қамтыды. Қауіпсіздік ережелерін сақтамаған 13 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Облыс бойынша статистика да мәз емес. Жаға ұстатарлық деп айтсақ қателеспейміз. Аққайыңдар өлкесінде жыл басынан 208 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 15 адам қаза тапқан. Оның үшеуі – бала. Түрлі дәрежедегі жарақат алғандардың саны 16-ны құрайды. Айта кету керек, өңірімізде дала өрті де өршіп барады.
АЯН ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО ТЖД басқарма бастығының орынбасары:
– Сәуір айынан бастап облыста 30 дала өрті орын алды. Салдарынан бақандай 292 гектар аумақ қызыл жалынның астында қалған. Ал құрғақ шөптің жануының 160 фактісі тіркелді. От жайылған аумақ 400 гектардан асады.
Үйде немесе далада өрттің бас көтеруіне негізгі себепші – жауапсыз адам. Табиғат аясында от жаққан кезде аса мұқият болған абзал. Ережеге пысқыра қараған адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылады немесе үлкен көлемде айыппұл салынады.
АЯН ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО ТЖД басқарма бастығының орынбасары:
– Өрт қаупі жоғары кезең басталысымен облыста 55 арнайы топ құрылды. Олардың құрамына 356 адам кіреді. Осы топтармен облыста 500-ге жуық рейд шарасы ұйымдастырылды. Нәтижесінде тілсіз жаудың бас көтеруіне себепші болған 79 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 12-сіне 400 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Брифинг барысында Аян Құсайынов ата-аналарға балаларын көзден таса қылмауын сұрады. Жеткіншектер оттан, сіріңке жағудан аулақ болып, үлкендерсіз көлге шомылмауы керектігін айтты. Тұрғындар айтылған ережелерді қатаң сақтаса, өңірімізде жайсыз жайттардың да саны азаяды.