Өңірімізде қызу қарқынмен жүріп жатқан егіс барысына бір тоқталып өтейік. Теріскейлік диқандар артылған міндеттің 50 пайызына жуығын орындаған. Яғни, 2 млн гектардан астам аумаққа дән сіңірген. Меже – 4,4 млн. Бүгінге дейін дәнді және дәнді бұршақты дақылдардың 47 пайызы, майлы дақылдардың 60 пайызы егілген екен. Маңызды ақпармен облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Токужинов бөлісті.
ДӘУРЕН ТОКУЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Биыл майлы дақылдар өсірілетін алқапты 85 мың гектарға ұлғайттық. Себебі, бұл дақылға сұраныс өте жоғары. Мол өнім алу мақсатында 280 мың тонна минералды тыңайтқыш қолданылады. Бұл былтырғы жылға қарағанда 24 мың тоннаға көп. Маңызды жұмысты 5 маусымға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Облысымыздың бас аграриінің айтуынша, егіс науқанында ауа райынан басқа ешқандай кедергі жоқ дейді. Жанармай да, тұқым да жеткілікті. Қазіргі таңда мемлекет диқандарға бар жағдай жасауда. Тек аянбай еңбек етсе болғаны.
ДӘУРЕН ТОКУЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Диқандарды қолдауға “Кең дала 1”, “Кең дала 2” бағдарламасы бойынша биыл 90 млрд теңге бөлінді. Оның 33 пайызын “Аграрлық несие корпорациясы” беріп отыр. Еңбеккерлер бұл қолдауға сапалы тұқым алып, машина-трактор паркін жаңарта алады. Бұрын фермер 100 пайыздық кепіл ұсынатын. Қазір қарыздың 15 пайызына ғана кепіл қажет.
Айта кету керек, биыл облыста егіс науқанына 12 мыңнан астам техника шыққан екен.