Қоғам

Балаларға жаздағы қауіпсіздік жайлы айтылды

Мына балалар үшін оқу жылы аяқталды. Енді олар 3 ай демалады, асыр салады. Ұл-қыздар кішкентай болса да қауіпсіздік ережелерін білуі тиіс. Осыған байланысты Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында ақпараттық шара ұйымдастырылды. Оған Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары арнайы шақырылыпты.

ДИНА ЖАПАРОВА, СҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері:

– Балалардың бос уақыты көп болады, ал ата-аналары жұмыста болады. Сондықтан, “Қауіпсіз балалық шақ” деген акция өткізіп, мектептердің алдында, ата-аналар арасында алдын алу жұмысын өткізіп жатырмыз. Өрт қаупі, суда шомылу, терезеден құлақ деген бар. Осылар төңірегінде әңгіме қозғаймыз.

Шара барысында Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мен мектеп басшылығы сөз сөйлеп, қауіпсіздік жайлы кеңінен айтты. Алайда, бұл аздық етеді. Балалардың басты ақылшысы – ата-аналары. Солар үйде негізгі ережелерді еске салып отырса, нұр үстіне нұр болары айдан анық. Айта кету қажет, бұған дейін оқушылар өзге құрылымдардың өкілдерімен жүздесіпті.

ШЕГЕБАЙ НҰРҒОЖИН, Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясының директоры:

– Республика көлемінде “Қазақстан балалары” тақырыбында ауқымды шаралар өтіп жатыр. Науқан 22-ші мамыр мен 1-ші маусым аралығын қамтиды. Бұған дейін полицейлермен, дәрігерлермен кездестік. Бүгін бізге өрт сөндірушілер келді.

Кездесу құтқарушылар қолданатын құрал-жабдықтармен танысумен жалғасты. Түрлі дүние бар, ал балаларға барлығы қызық. Мамандар әр зат жайлы ақпар берді.

Шара соңында оқушылар өрт сөндіру көлігіне мінді. Кездесу естелік суретке түсумен аяқталды.

Абдурахман Амандық