Жайдарлы жаздың да басталуына саусақпен санарлық күн қалды. Жаймашуақ кезеңде балалар уақыттың басым бөлігін далада өткізеді. Осы орайда ата-аналардың құлағына алтын сырға! Ойын мен серуенге асық ұл-қыздарға қауіпсіздік ережелерін жақсылап түсіндіру қажет. Өкінішке қарай, бұл бағыттағы жұмыс ақсап тұрған сыңайлы. Өңірімізде жазда жарақат алатын балалардың саны ұлғайған.
ШЫҢҒЫС НҰРҒАЛИЕВ, СҚО көпбейінді балалар ауруханасының травматологы:
– 2025 жылдың 3 айы ішінде облыстық аурухананың травматология бөлімшесінде 196 бала емделді. Ал өткен жылдың сәйкес мерзімінде 188 науқас ем қабылдады. Яғни, биыл өсімді көреміз. Сонымен қатар, ағымдағы жылы жарақат бойынша жүгінетіндердің саны едәуір артты. Көшеде және мектепте жарақаттану жиілеп кетті. Демек, сіз бен біз мән беретін тұстар бар. Қауіпсіздік ережелерін үнемі еске салып отыру қажет.
Ал қауіпсіздік ережелері бір-екі мысалмен шектелмейді. Далада да, үйде де қауіп бар. Оларға немқұрайлы қарасақ, сан соғып қалуымыз әбден мүмкін.
ШЫҢҒЫС НҰРҒАЛИЕВ, СҚО көпбейінді балалар ауруханасының травматологы:
– Кішкентай балаларды терезенің, есіктің қасында қалдырып кетпеу қажет. Қауіпті білмейтін бала құлап немесе сыртқа шығып кетуі мүмкін. Өткір және тұрмыстық-химиялық заттарды алшақта ұстаған жөн. Жол-көлік апаты салдарынан жарақат алу азайды. Бірақ, босаңсуға болмайды. Ұл-қыздарға ата-ана, мұғалімдер мен тәрбиешілер үнемі қауіп жайлы айтып отырса, статистика төмендейді деп ойлаймыз.
Жазғы кезеңде ішек инфекциялары да жиілейді. Әлемдік сандарға сүйенсек, жер шарында жылына 500 млн бала осы дертпен ауырады екен. Олардың басым бөлігі – 1 жасқа дейінгі сәбилер.
ЕЛЕНА КОПТЯЕВА, СҚО көпбейінді балалар ауруханасының штаттан тыс бас балалар инфекционисі:
– Энтеровирусты инфекцияға бөлек тоқталғым келеді. Бұл – ішек инфекциялары ішінде ең жылдам тарайтыны және ең қауіптісі. Қазіргі таңда осы дерт бойынша бөлімше толы бала емделіп жатыр. Көп жағдайда ол организмге ауа, су және науқас адаммен болған байланыстың нәтижесінде түседі. Дене қызады, әлсіздік, жүрек айниды. Мұндай жағдайда бірден дәрігерге қаралу қажет. Өздігімен емделу дегенді ұмытқан жөн.
Брифинг соңында көпбейінді балалар ауруханасының штаттан тыс бас балалар инфекционисі Елена Коптяева тазалық мәселесіне тоқталды. Ұл-қыздарды кішкентайынан қолын жууға және даладан келген дүниені жуып жеуге дағдыландыру қажет. Сонда қауіп азаяды.