Қазақстанда алғаш рет Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған “Қазақстан балалары” ұлттық науқаны бастау алды. Соған орай облыс орталығында мектеп мұғалімдері мен оқушыларының қатысуымен таңғы жаттығу өтті. Спорттық шараға 300-ге жуық адам қатысты.
ҚАНАТ СӘДУАҚАСОВ, облыстық спорт, дене шынықтыру және АӘД өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры:
– Жыл сайын балалар күніне орай шаралар өткізіледі, бірақ биылғы жыл ерекше болып жатыр. 22-ші мамырдан бастап әр күнді бір шараға арнап өткізіп жатырмыз.
“Әкем – тірегім, анам – жүрегім” ұранымен бастау алған науқан үлкен мен кішінің басын қосты. Ерекше шараның қатысушылары жақсы дайындалған, арнайы спорттық киім киген.
НҰРГҮЛ АЙСИНА, шараға қатысушы:
– Мен спортпен бала кезімнен айналысамын. Жеңіл атлетика, жүгірумен шұғылданамын. Өзіме ұзақ қашықтыққа жүгірген ұнайды. Бүгінгі күнімізді таңғы жаттығудан бастадық. Бізге өте қатты ұнады. Спортқа деген қызығушылығымызды одан әрі оятты. Жақсы әсер қалдырды.
Бұл шара – тек спорттық жаттығу ғана емес, салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісі. Балалардың белсенділігі мен көтеріңкі көңіл күйі, мұғалімдердің қолдауы – бұл бастаманың маңызды әрі қажет екенін дәлелдеді.
Севара Зияхан