Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған Солтүстік Қазақстан облысының ресми және іскерлік делегациясы Ресей Федерациясының Қорған облысында болды. Іссапар Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев пен Қазақстанның Екатеринбург қаласындағы Бас консулы Жарас Мамутбековтың қолдауымен жүзеге асты. Болашақта тараптар арасындағы байланыс одан әрі нығая түспек. Сапар барысында екі елдің кәсіпкерлері кездесу өткізді. Жүздесу аясында бірнеше маңызды құжатқа қол қойылды. Соның бірі негізінде «Қызылжар» экономикалық аймағында коммуналдық және арнайы техника шығаратын «Кургандормаш» АҚ кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр.
ДӘУРЕН АБАЕВ, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:
– Бүгін қос тараптың кәсіпкерлері арасында тамаша кездесу өтті. Бұл берік байланыстың бастамасы деп білеміз. Осыдан кейін мәдениет, білім және ғылым бағыттарындағы қарым-қатынас одан сайын беки түседі деген сенімдемін. Солтүстік Қазақстан облысы мен Қорған облысы сенімді әріптестіктің, достықтың үлгісін көрсетті. Осындай келісім әрқашан болуы қажет.
Жиыннан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысының ресми және іскерлік делегациясы өндірістік әлеуетті тереңірек зерделеу мақсатында жергілікті кәсіпорындар мен индустриялық паркке барды. Сонымен қатар, Қорғанда тұратын қазақтармен жылы кездесу өтті. Жүздесу барысында қолдау, білім беру және мәдени байланыстарды кеңейту мәселелері қозғалды. Сапар соңында облыс әкімі қорғандық әріптестеріне алғысын білдірді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Арадағы байланысты нығайту мақсатында құжаттарға қол қойдық. Олар сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және гуманитарлық салаларды қамтиды. Бұл әріптестік жолындағы маңызды қадам болып табылады. Солтүстік Қазақстан облысының да, Қорған облысының да әлеуметі зор. Бірлесе жұмыс істеуге әзірміз. Тиісті жағдайлар жасалады. Біздің мақсат – бірге даму, екі елдің арасындағы ынтымақтастықты нығайту.