Қоғам

СҚО-да 15 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылған

Өңірде 44 жеке сот орындаушысы және 11 мемлекеттік сот орындаушысы бар. Соңғы аталғанның біреуі вакантты. Облыстық прокуратурада құзырлы орган басшылары бас қосқан жиында сот актілері мен атқарушылық құжаттардың орындалуы және аталған мамандардың жұмыс сапасы қаралды.

ЕСТАЙ РАШҚАЛИЕВ – облыстық әділет департаментінің басшысы:

– Атқарушылық іс жүргізу бағыты бойынша атқарушылық құжаттарды орындау саласындағы басымдықтар – бұл әлеуметтік маңызы бар санаттағы істер мен мемлекет кірісіне өндіру болып табылады. Департаменттің жеке сот орындаушылар палатасы ең проблемалық санаттардың бірі – әкімшілік айыппұлдарды өндіру, сонымен қатар, жәбірленушілердің қорына төленетін ақылар, сол мәселелр бойынша әкімшілік айыппұлдарды өндіруге ерешке назар аударып отырмыз. Сонымен қатар, алименттік төлемдер бала құқығын қорғау мәселесі ретінде ең бірінші кезекте тұрады.

Алимент демекші, борышкерлерден баласына беруі қажет сома – 85 млн теңге өндіріліп алынған. Қарыз әлі де баршылық. Сондай-ақ, әкімшілік айыппұл салынып, оны төлеуде ат-тонын ала қашатын жандар да аз емес. Биыл мемлекет кірісіне 40 млн теңге өндіріліп алыныпты.

РУСТАМ САДЕНОВ – облыс прокурорының аға көмекшісі:

– Жыл басынан бері Қылмыстық кодекстің 139-шы және 430-шы баптарына сәйкес атқарушылық құжаттарды орындамағаны үшін 15 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның 9-ы алимент бойынша, 6-ауы – айыппұл төлеуші. Қарызы бар 68 азаматқа қатысты Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 669-шы бабына сәйкес қамауға алу және айыппұл салу туралы шара қолданылды. 43 іс прокурорлардың қаулысымен қозғалды.

Прокурорлардың айтуынша сот орындаушылардың жұмысына тағар мін де, айтар сын да бар. Өз міндетін дұрыс орындамаған 49 сот орындаушысы мен бір лауазымды тұлға тәртіпті жауапкершілікке тартылған екен. Әділет департаментінің басшысы Естай Рашқалиев: “Мәжбүрлеп орындату – күрделі іс. Қарызды өндіріп алуға шығатын сот орындаушылары өз басын қатерге тігеді”,- дейді. Сол себепті, аталған мамандарға мемлекеттік орган тарапынан қолдау қажеттігін айтты.

 

Данаш Хамза