Спорт

Сарықұрлық бәсекесінде топ жарған жерлестеріміз Петропавлға оралды

Мамырдың 19-23 аралығында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында жүзуден жастар арасында Азия чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде ұлттық құрама спортшылары сәтті өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте топ жарды. Жарыста ел намысын қорғаған теріскейлік толағайлар қоржынға бақандай 13 медаль салды. Оның барлығы дерлік – алтын. Ұл-қыздар құрмет-қошеметке лайық. Оларды әуежайдан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері, туған-туыстары мен достары күтіп алды.

Ел мерейін асырған спортшылар – көздерінде оты бар жастарға үлгі. Оны қарсы алу шарасында байқауға болады. Бір топ бала ел мерейін асырған ұл-қыздардың қасынан шықпай, естелік суретке түсіп жатты. Жүзуден облысымыздың аға жаттықтырушысы Александр Савельевтің сөзінше, спортшылар жарыста уақыт бойынша өздерінің үздік нәтижелерін көрсеткен.

АЛЕКСАНДР САВЕЛЬЕВ, жүзуден СҚО аға жаттықтырушысы:

– Азия чемпионатында ел намысын 3 солтүстікқазақстандық спортшы қорғады. Жарысқа ұзақ дайындалдық. Өзге облыстарға барып, оқу-жаттығу жиынына қатыстық. Тыңғылықты жұмыстың арқасында жоғары нәтижеге қол жеткіздік деп ойлаймын.

Евгений Ялунин алғаш рет халықаралық жарысқа қатысып отыр. Соған қарамастан 9 алтын медаль еншілеген. Болашағынан зор үміт күттіретін жігерлі жас болашақта Дмитрий Баландин сияқты Олимпиада чемпионы болғысы келеді.

ЕВГЕНИЙ ЯЛУНИН, жүзуден Азияның бірнеше дүркін чемпионы:

– Мен жекелей сында 50 мен 100 метр қашықтықта еркін стильде және брасс әдісі бойынша алтын медаль еншіледім. Эстафеталық сында да тұғырдың ең биік сатысынан көріндім. Қабілетіме көңілім толады. Бұнымен тоқтап қалмаймын. Алар асуым әлі алда.

Айта кету керек, сары құрлық бәсекесінде топ жарған жерлестеріміз маусымда Тараз қаласында өтетін ел чемпионатында бақ сынайды.