Қоғам

Қызылжар ауданының жастары әскери-патриоттық жиынға қатысты

«Серебряный бор» балалар сауықтыру лагерінің базасында бірінші «Қызылжар СҰҢҚАР-2025» әскери-патриоттық жиыны өтті. Мұнда ауданның 100-ден астам оныншы сынып оқушысы жиылды. Ұлдар ауа райының бұлтты болуына қарамастан уақытты тиімді өткізеді. Жиналғандар алдында алдымен аудан әкімі Сақтаған Сәдуақасов сөз сөйледі. Ол өскелең ұрпақ рухты әрі отансүйгіш болуы қажеттігін айтты.

САҚТАҒАН СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

– Патриотизм – елді сүю, жерді сүю. Отқа да, суға да түсуге дайын болу қажет. Мы рады вас приветствовать.

Аты айтып тұрғандай, бұл шара жастарға әскери-патриоттық тәлім беруге негізделген. Жиынның салтанатты ашылуынан кейін балалар төрт взводқа бөлініп, жан-жаққа тарады. Бағдарлама теориялық және практикалық сабақтарды қамтыды. Атыс даярлығы, әскери жарғы, тактикалық даярлық және шабуылдан қорғану. Жастарға осылар түсіндірілді. Сонымен қатар, қатысушылар қызметтік иттермен және түрлі қосалқы құрылғылармен жұмыс істеуді үйренді.

РУСЛАН ҚАПАРОВ, Қызылжар аудандық білім бөлімінің әдіскері:

– Барлық сабақты ҚР ҰҰ Академиясының оқытушылары жүргізеді. Сондай-ақ, мұнда ҚР ҰҚК шекара қызметі ұсынып отырған қару-жарақ көрмесі бар. Шекара қызметінен кинологтар да келді. Бұған дейін мектептерде төрт күндік жиындар өтті. Енді практикалық сабақтар осы жерде аяқталады. Бұдан басқа, оқу-далалық жиындар бойынша сынақтар да қабылданады.

Жиын барысында балалар өздерінің физикалық дайындығын көрсетті. Қатысушылардың көпшілігі өз өмірін әскери мамандықпен байланыстыруды жоспарлап отыр.

АҢСАР ОРАЛБАЕВ, “Парасат” мектеп-лицейінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

– Мен әскери-патриоттық жарыстарға белсене қатысамын. Бірнеше мәрте жеңімпаз да атандым. Болашақта Мақан Есболатов атындағы ҚР ІІМ Алматы академиясына оқуға түсіп, офицер болғым келеді. Менің отбасымда әкем әскери адам. Шекара қызметінде майор шенінде еңбек етуде. Сол кісінің жолын жалғасам деймін.

ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі ерекше қолдау көрсетті. Бөлім арнайы техника мен қару-жарақ ұсынды, дала асханасын ұйымдастырды, онда қатысушылар нағыз жауынгерлік ботқадан дәм татты.

ШУХРАТ ӘШІМОВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

– ҚР ҰҰ Академиясы да қолдау танытты. Біздің мақсат – жастарға әскери қызметті насихаттау және Академияға оқуға түсуге шақыру. Жүз рет естігенше, бір рет көр деген бар. Өскелең ұрпақ темірдей тәртіпке негізделген өмірдің шет-жағасын көріп, сезінуі қажет. Сонда ғана болашаққа сенімді қадам жасайды. Осындай оймен де аудан жастарын жидық.

Шара соңында ерекше көзге түскен балалар марапатталды. Осындай жиындардың арқасында өскелең ұрпақ бойында азаматтық жауапкершілік пен қарулы күштер қатарында қызмет етуге дайындық сезімі қалыптасары сөзсіз.

Нұрасыл Ахмет