Құқық қорғау органдары

Жауапкершілігі мол жастар – ел болашағының кепілі

Өмірде жауапкершілігі мол адам ғана зор жетістіктерге жете алады. Бұл қасиет әр жастың бойынан табылуы тиіс. Сонда ғана елімізде оң өзгерістер орын алады. Өкінішке қарай, қазіргі таңда өскелең ұрпақ көп дүниеге салғырт қарайды. Үстүртін ойлап, қандай да бір қиыншылыққа тап болған кезде шалыс басады. Оңай жолмен ақша тапқысы келіп, құмар ойынға немесе есірткіге тәуелді болады. Салдарынан елімізде құқықбұзушылық пен қылмыстың саны артуда. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Петропавлда жастарға арналған жиын өтті.

ЖҰЛДЫЗ ТОҚТАРҒАЗЫ, қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:

– Өмірде болып жатқан дүниелерге ешқашан атүсті қарауға болмайды. Әр сағатты, әр минутты дұрыс пайдалана білу қажет.

Жоғарыда айтқан сөзімізге мына статистика дәлел. Жыл басынан өңірде есірткі қылмысына байланысты 130 іс қозғалған. 35 келіден астам түрлі зиянды зат тәркіленген. Заңның ала жібін аттағандардың барлығы – 17 мен 25 аралығындағы жастар. Оңай ақша табамын деп опық жеп қалмау үшін өскелең ұрпақтың бойында жауапкершілік болуы керек. Жастар үйде үміт артып отырған ата-ананың да сенімін ақтауға міндетті. Тараздан облыс орталығына арман қуып келген Хадиша Келдібек басқосуда айтылғандардың барлығы дұрыс деп санайды. Ол шарадан мол мағлұмат алды, көкейінде жүрген сұрағын қойды, ойына көп дүние түйді.

ХАДИША КЕЛДІБЕК, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:

– Есірткі қылмысына және құмар ойынға қатысты заңды қатайту керек деп ойлаймын. Жастардың жауапкершілігі мол болса еліміз қарыштап дамитын еді.

Айта кету керек, басқосу “Заң және Тәртіп” профилактикалық шарасы аясында ұйымдастырылды.

 

Нұрасыл Ахмет