МТРА жаңалықтары

Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияны 27 түлек тәмамдады

Оқу жылының аяқталуына орай Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия қабырғасында салтанатты шара ұйымдастырылды. Биыл бұл қара шаңырақтан 27 түлек түлеп ұшты. Ойы ұшқыр, болашаққа сеніммен қараған жастар. 11 жыл білім алды, ардақты ұстаздардың ақыл-кеңесін бойға сіңірді. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққалы тұрған ұл-қыздарға алдымен білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова жылы лебіз білдірді. Ол аймақ басшысының Құттықтау хатын оқып берді.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Сіздерді білімді де парасатты, жаңаша ойлайтын, болашағын айқындайтын жас буын ретінде танимыз. Қазақстанның лайықты азаматтары атанасыздар деп сенемін. Түлектер алдағы сынақтардан сүрінбей өтсін! Дендеріңізге саулық тілеймін! Болашақтарыңыз жарқын болсын!

Құттықтау қабылдаған түлектер бұл күнді ұмытпасы анық. Оларға батасын берген жандар көп болды. Шараға Сафуан Шаймерденовтің қызы мен күйеу баласы да қатысты. Атақты қаламгердің жақындары салтанатты басқосуға арнайы келіпті.

БЕРІК УАНДЫҚОВ, Сафуан Шәймерденовтың күйеу баласы:

– Жастар үлкен өмірге аттанайын деп отыр. Бұл – облыстағы ең мықты қазақ мектептерінің бірі. Бұл жерден мықты жастар шығады.

Марғасқа Мағжан сенген жастар сенімді ақтауы тиіс. Олар гимназия қабырғасында білікті мамандардан сапалы тәлім мен тәрбие алды. Бүгін алтын ұя мектептерін қимай тұр.

Түлектер ерекше сезімді бастан кешірді. Ал ата-аналар кешегі тентек, ал бүгінде салмақты ұл-қыздарына сүйсіне қарады. Олар бұл жастармен мақтана алады.

ЛӘЙЛӘ АМАНОВА, ардагер ұстаз:

– Жас түлектерге бақыт тілеймін! Биік белестен көріне берсін! Немеремді қатты жақсы көремін. Бүгін бойжеткен қыз атанды.

Ардагер ұстаздың немересі – Дария Смағұлова. Түлек те әжесі сияқты мұғалім болғысы келеді.

ДАРИЯ СМАҒҰЛОВА, Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның түлегі:

– Осы мектепте 8-ші сыныпта келдім. Алдымызда ҰБТ тұр. Ата-әжем келгеніне өте қуаныштымын. Мектебімді қимай тұрмын.

Биыл өңірде Дария сынды 3600-ден астам түлек мектеппен қоштасады. Ал мектептерде білім алған оқушылардың жалпы саны 74 мыңға жуықтайды.

Байболат Құлтанов